АҚМЕШІТ ҮҢГІРІ 

Қазыналы Қаратаудың қойнауынан орын тепкен Ақмешіт үңгіріне кейінгі жылдары келушілердің қарасы қалың. Бұл да болса ел-жұрттың экотуризмге ден қоя бастағанын білдіреді. Ұзындығы 250, ені 65, биіктігі 25-30 метр болатын үлкен үңгірді арнайы іздеп бармасаңыз, дөп басып табу қиын. Сырттан қарағандағы кішкене ғана кіреберіс ернеуіне қарап, іші мұншалықты кең әрі жайлы деп ойламайсыз. Ішінде ағаштар, тастар көрінеді. Шулаған құстар дыбысы құлаққа келеді. Темір сатымен төмен түсіп келеміз. Қауіпсіздік үшін қаз-қатар тізілген каскалардан алып кидік. Бір ғажабы, сыртта қанша күйіп тұрған ыстық болса да, іш қоңырсалқын температурадан бір ауытқымайды.

ҮҢГІР ТАРИХЫ

Ақмешіт үңгірі туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Олардың арасында құпия жерасты жолы, айдаһардың апаны дегендер де кездеседі. «Аңыздың астарында ақиқат жатады» деген пікірге сүйене отырып, сол аңыздардың ең бір құлаққа қонымды, шындыққа шақталған нұсқасы — Есіркеп Қойгелді батырға қатысты айтылған аңызды назарларыңызға ұсынбақпыз. Батыр қалмаққа қарсы жорыққа шығарда кенеттен нөсер жауып кетеді. Он мыңнан астам сарбаз пана іздеп, осы үңгірге түседі де, таңғы намазға жығылыпты. Атауы жоқ үңгірді жауынгерлердің бірі батырдың есімімен атауға ұсыныс тастайды. Алайда Есіркеп Қойгелді батыр бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсылық танытады.
«Бұл Қаратаудың құтқа толы етегі. Бізді және астымыздағы аттарымызды қорғап қалды. Сәждеге жығылып, намаз оқуымызға мүмкіндік берді. Үңгір ішіндегі тастары да ақ ұлпадай әппақ, керемет әсер қалдырады. Мұның ерекшелігі сол шығар, сондықтан оны «Ақмешіт» деп атайық» депті.
Міне, содан бері бұл орын ұрпақтан-ұрпаққа Ақмешіт деп аталып кетіпті. 1973 жылы Мәскеуден келген геологтар үңгір метеоридтың түсуінен пайда болған деген жорамал жасаған.

ҮҢГІРДІҢ ІШКІ КӨРІНІСІ

Іштен сыртқа қарағанда үңгірдің ернеуі әр түрлі формада көрінеді. Бірде тұмарға, бірде киіз үйдің шаңырағына келіңкірейді. Сыртта бір де бір тал-дарақ жоқтығына қарамастан, ішінде жайқалған жасыл желек. Оң жақ қабырғасында жоғарыға қарай қиғаштап ұзындығы шамамен 7-8 метрге жуық жарық кетеді. Сол жарыққа шығамын деп кезекте тұрған адамдар, ағаштардың бұтақтарына байланған ақ орамалдар, үйілген тастарды көріп таң қалдық. Төбеден үзіліп-үзіліп мөлдір тамшылар құлайды. Әр тамшының түскенін күтіп алақан жайған адамдар. «Әй, надандық-ай» деп қынжылдық. Алланың жаратқан тасы мен талына алақан жайғанша, Жаратушыдан тікелей тілесе, дұрысы сол емес пе?!

Бұл үңгірдің формасы киіз үй тәрізді, климаты бірқалыпты болғандықтан, қан қысымын қалыпқа түсіретінін медицина мамандары айтуда. Ал, перзент сұрағанға бала беріпті, жолы жабылғанның жолын ашыпты дегендер ешбір қисынға келмейді. Себебі, жанды беретін де, алатын да — Алла. Сондықтан, үңгірге келмес бұрын ниетіңізді дұрыстап алыңыз. Құлаған тамшыдан, үйілген тастан жоғымды сұраймын деп емес, Жаратқанның шеберлігіне тағы бір көз жеткізіп, таңғажайып табиғатты тамашалаймын деп келіңіз.

Осындай сантарапқа шашыраған ойларымызды арқалап сыртқа беттедік. Темір сатының соңғы басқышына табанымыз тигенде сыртта жүрген екі-үш шетел азаматын байқадық. Әуеде қалықтаған бейнежазба құрылғысына қазақ жерінің табиғатын таспалауда. Қуандық, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Үңгірді кейінгі жылдары жолдан қосылған, қолдан жасалған адасушылық пен соқыр түсініктерден тазартып, табиғи қалпында сақтасақ, шет елден келетін азаматтарға да ұялмай көрсететін орын болайын деп тұр. Себебі, Ақмешіт үңгіріне Түркістан облысы ғана емес, тұтас Қазақстанда теңдес таппайсыз.

Алтын АСҚАР.