АҚШ ПЕН ҚАЗАҚСТАН БЕЙБІТШІЛІК ЖОЛЫНДА БІРІКТІ

Қазақстан – Америка қатынастары стратегиялық әріптестік принциптері негізінде қарқынды дами берді. Президент кіші Дж.Буштың шақыруымен 18–22 желтоқсан аралығында жасалған Елбасы сапары 2001 жылдың маңызды сыртқы саяси оқиғасы болды. 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік шабуылдардан кейін шиеленісе түскен жаһандық жағдай да келіссөздерге ерекше маңыз үстеді.
Алғашқы күннен-ақ Қазақстан терроризм мәселелерінде АҚШ арнайы қызметтерімен белсенді ақпарат алмаса бастады. Біз әріптестерімізге қажет көмек көрсеттік. Буш жеделдігіміз пен ашықтығымызға ризашылық білдірді.
Ауғанстандағы операциялар басталған кезде, Америкалық ұшақтардың Қазақстан аумағы арқылы ұшып өтуі үшін әуе дәліздерін ашу мәселесі өте шұғыл шешілді. Біз басына қиын жағдай туғанда Америка халқымен бірге
болдық. Қазақстан халықаралық лаңкестікке қарсы күштерге әуе кеңістігін ұсынды, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және терроризммен күресте сенімді одақтас бола білді.

2009 жылдың қаңтар айында Б.Обама АҚШ президенті қызметіне кірісті.
АҚ үйдің жаңа басшысының халықаралық қатынастардағы қақтығыстарды азайтуға бағытталған алғашқы қадамдарына Қазақстан түсіністікпен қарады және қолдады. 2009 жылдың сәуірінде Парламент Сенатының төрағасы Қ.Тоқаевпен әңгіме барысында Б.Обама Қазақстан «АҚШ-тың досы және сенімді әріптесі» екенін атап өтті.
Жаңа кезеңде Америка Құрама Штаттарымен қатынас Қазақстан Республикасы үшін сыртқы саясаттың маңызды бағыты болып қала берді. Ынтымақтастығымызда ядролық қауіпсіздікті нығайту мәселесіндегі бірлескен
әрекеттерге негізгі күш жұмылдырылды.

АҚШ президенті Б. Обамамен сенімге құрылған қарым-қатынас 2010 жылдары Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының стратегиялық әріптестігін нығайтуда шешуші рөл атқарды.