АҚТӨБЕДЕ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН V-АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Төрткүл дүниеге танылған ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы V-Азия чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде 12 елден жиналған, сайдың тасындай іріктелген, ең мықты деген 200-ден астам спортшы ой жарыстыруда.  Атап айтқанда Ауғанстан, Бангладеш, Үндістан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Моңғолия, Түркия,Түркменстан, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің ойыншылары. Олар тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц түрі бойынша өзара сынға түседі.

Жарыс Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,  Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы және Ақтөбе облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен өтуде.

Фото: Д.ҚАПАЕВ.

Қ.Жұбанов атындағы университетінің концерт залында өткен ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенттері Асылхан Сәкей мен Мақсат Шотаев, тоғызқұмалақтан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев, ҚР Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушы Серік Ақтаев қатысты. Олар спортшылар мен қонақтарға жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Атап өтейік, жарыстың бас төрешісі қазақтандық Бауыржан Төлегенов болса, бас хатшысы моңғолиялық Сәкей Асылхан. Айтулы дода 13 желтоқсан күні өз мәресіне жетеді деп күтілуде.

Аяулым ТАСТАНБЕК

Шымкент қаласы.

Фото: Д.ҚАПАЕВ.