Жас ақын Ақбота Бейбітбек қазақ поэзиясына сыршыл да нәзік үнімен қосылды. Автордың шығармашылығынан өзіндік қолтаңба мен жаңа ізденістердің лебі еседі. Бүгінде Шымкент қалалық «ШАМ» әдеби орталығының мүшесі, «Көңіл күйсандығы» жыр жинағының авторы. Өткен жыл ақын үшін жемісті қорытындыланды. Қазақстан жазушылар Одағына мүшелікке қабылданып, Шымкент қаласының «Жылдың ең үздік ақыны» атағын иемденді…
— Ақбота, есімін елге етене танылып келе жатқан жас ақынсың. Оқырмандарға өлең өлкесіне қалай келгендігін туралы тарқатып айтып берсең?
— Кейде өзімді сырты жас, іші қарт адам сияқты сезінемін. Бала болмысымнан қаншалықты ажырағым келмейтінін сезсем де, өмірдің ерте есейтіп жібергенін білем. Мен білетін біраз жас ақын осындай.
Мен өлең жазбас бұрын сурет салуды жақсы көрдім. Туған өлкем Отырардың даласынан да, өскен өлкем Түркістаннан да тау көрмегенмін. 10-11 жасым болу керек, тек таудың суретін сала беруші едім. Маған тау деген ерекше тылсым жаратылыс боп көрінетін. Тау-тау арманым мені адастырмады. Таудан биік емеспін, әрине, талғамымды биік еткен осы болар.
Бала күнімнен әже тәрбиесін алып өстім. Әжем үнемі ертегі, қисса-дастандарды, аңыздарды, болған оқиғаларды айтып отыратын. Қиялымның артып, тұңғыш шумақтарымның жазылуына мұның ықпалы зор. Алғашқы өлеңім де ертегілер жайлы. Өнер бойыма нағашылар жағымнан дарыса керек, нағашы атамның әкесі ақын болған. Соғыста жүріп жазған өлеңдерін атам жатқа айтып отырады. Ол кісінің өзі де батырлар жырын жатқа білетін құймақұлақ адам, ауылдың батагөй қарты. Ал нағыз өлеңнің киесін ұғып, түйсініп жазған шағым орта тауып, студент атанған кезім.
— Әдебиетте «қыздар поэзиясы» несімен ерекшеленеді деп ойлайсың?
-Ақындықты жынысқа, жасқа, сенімге қарай бөліп қарастыруға қарсымын. Әйелден ақын шықпайды деп санайтын дәуір әлдеқашан өтіп кетті. Өлеңде де, өмірде де қыздар ер-азаматтар дауаламаған ерліктерге бара алады. Бір саты төмен тұрса да, әйелдің сезімі биік. Өз басым жігітке бергісіз қыздарды көріп жүрмін. Кейде өлеңді қоя тұрып, дүниені ұстап тұрған әйелдің сенімі мен махаббаты, бесік жыры мен бақытты күлкісі шығар деп ойлаймын. Бесік жыры мен жоқтауды аналарымыз қалай айтқан десеңізші жетесіне жеткізіп? Қыздар поэзиясы өзінің болмысы сияқты нәзік те сыршыл, қатал да кешірімді, асқақ та адал, мәнді де мәңгі. Жүрек көзімен қараған жанға қыздардың сөзі де өлең, өзі түгіл қараған көзі де өлең.
— Ақын Ақбота мен ару Ақботаны қандай қасиеттер айрықшалайды? Өмірде қай Ақботаға көбірек жол бересің?
— Екеуі бір адам. Өлеңде де, өмірде де шынайымын. Ақын алдымен адам болу керек. Кей адамдарды ақын болғаны үшін, кей ақындарды адам болғаны үшін сыйлайсың. Өлеңі мен өмірін араластырмаған жөн десек те, ақын адам көркем болмысын жоғалтпағаны жөн. Ару сөзінің этимологиясы менің болмысымнан жат емес. Ақындық та сұлулық сияқты бір қаруым. Ақындық мамандық не хобби емес, ең алдымен – қасиет. Жалпы қыз балаға ақындық ауыр жол деп жатады ғой. Керсінше ақындық маған көп нәрсені сыйлады: еркіндік, орта, түйсік, өзіңді табу.
—Жалғыздық, үмітсіздік, жауапсыз махаббат, сағыныш, мұң… Бұл бүгінге дейін ақын қыздардың терең қалам тербеген тақырыптары. Дегенмен жаңа толқын ретінде поэзиядағы арулардың портретін өзгертетін сәт жетті деп ойламайсың ба?
-Негізі мен өте оптимист адаммын. Ақындарды сағы сынған, өмірден тек теперіш көрген адам деп санайды қоғам. Студенттік кезде көбірек жазып жіберсем керек махаббат жайлы. Махаббаттың өзі не екенін де білмедім ғой мен (күліп). Құрбылардың жан күйін жеткіземін деп көбірек тырысқан болармын бәлкім. Қазір соның бәрі махаббат сияқты дүниелер екенін ойласам күлемін. Негізінен ақынның өлеңінен өмірін іздеудің қажеті шамалы. Жүрегімде аяулы сезімдердің бүрлегенін білем. Махаббаттан да биік сезімдердің барын ұмытпаған жөн. Махаббат болу үшін екі адам бірдей күресу керек. Сағыныш, мұң деген дүниелер өшпеуі тиіс. Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте! (Т.А). Ақын сол көп ішіндегі жалғыз жұрт қой. Қазіргі өлеңдерде Ақбота кешірімді, кеңпейіл қыз. Адамдарға өкпелеуді қойғалы өмір сүріп жүр. Барынша жігерлі өлең жазуға тырысады. Жылауық өлең жанды жылытпасын ол әлдеқашан білген. Есейген сайын есті өлең жазуға тырысып-ақ жүрмін.