ӘЛЕМ МОЙЫНДАҒАН ҚАЙРАТКЕР
Елбасы – қазақ халқының маңдайына біткен бақыт, тағдырына жазылған теңдессіз сый дер едім мен. Ол кісі Ұлы Даланың ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан кемеңгер тұлға. Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сындарлы сәттерде сарабдал, салмақты саясатымен елді сүріндірмей, дамудың даңғыл жолына жетелеген Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев – ХХІ ғасырдың әлем мойындаған қайраткері.
«Дәуір алмасып жатқан кезеңде өмір сүрме» деген тағылымды сөз бар. Бұл сөздің мәні терең, маңызы зор. Өйткені дәуірдің алмасуы ел тізгінін ұстаған азаматтарға зор сенім жүктейді және орасан міндет артады. Міне, тоқсаныншы жылдардағы қиын сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы елдің сенімі мен үмітін арқалады. Арып-ашып, жадап-жүдеп, жадынан, санасынан айырылудың алдында тұрған елге шамшырақ болды. Бақытты өмірге бағыт сілтеп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашатын жүйелі жоспарлар құрды. Сол кездегі қажырлы еңбектің нәтижесінде қазақ халқы бодандықтың тас бодауынан босап, жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін айқара ашты. Сөйтіп, көз алдымызда жер де, ел де, адам да, заман да өзгерді. Қираған өндіріс ошақтары қайта тірілді, тірлігі жаңа арнаға түсті. Ел есін жиды, еңсесін тік көтерді. Халықтың көңілі орнығып, жаңа заманның кәсіп-тіршілігіне нық көшті. Түрлі мехнат-қиындықтар ұмыт бола бастады. Бірнеше жылдың ішінде Ұлы Далада Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті егемен елдің Тұңғыш басшысы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады.
Ұлт Көшбасшысы ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, ел-жұртты сынақтан, күрделі кезеңнен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Сондықтан да тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың қазынасын молайтып, қабырғалы ел етіп, әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміздің кемеңгерлігін қалай үлгі етсек те, қалай мақтасақ та жарасады.
Негізінен халқымыздың «Тегіне тартқан» деген сөзінің мәні терең. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев – түп атасынан, арғы тегінен үзілмеген, қазақ тарихында қолбасшылығымен, батырлығымен, шешендігімен өшпестей із қалдырған қайраткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есім ханның туын ұстаған қолбасшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би болған. Ал әкесі Әбіш пен анасы Әлжан адал еңбектің арқасында ел алғысын арқалап, өмірі өнеге, ғұмыры ғибратқа толы асыл жандар болғанын халық жақсы біледі. Қазақ елін басқарып отырған кемеңгер тұлғаның өмірге келуінің өзі үлкен сыр, үлкен тарих.
Елбасы туралы жазылар тарихтың тамыры терең, аясы кең, маңызы жоғары. Қиын кезеңде азаматқа елдің тілегін жүзеге асыратын жүрек те, білек те, қолдайтын тілек те керек еді. Ел сенімін арқалаған Елбасы халықтың үмітін ақтады. Нұрсұлтан Назарбаевты қазақтың пешенесіне берген, халық үшін туған ұлы перзент дейтініміз сондықтан.
Бабаларымыз бізге мирас етіп кеткен сара жолдан Елбасы ешқашан тайған емес. Небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өтті. Елбасы осының бәріне шыдады. «Мұратымызға жету үшін біз осындай қиын жолдардан да өтуіміз керек, төзімді болуымыз керек», – деді кемеңгеріміз. Осылай зайырлы, демократиялы ел атандық. Жұрт еркін жүреді, еркін сөйлейді. Сол бір алмағайып кезеңде Президентіміз халықтың ортасынан шыққан нағыз интеллектуал екендігін, саясатта салқынқандылық, төзімділік керек екендігін шебер дәлелдеді. Кемеңгерлікке тән мінез танытты. Риза болған, әбден сенген ел ардақты азаматтың соңына ерді. Ері де елін адастырған жоқ.
Сенім үдесінен шыққан Елбасы ел тізгінін ұстаған 1991 жылдың 1 желтоқсанынан бергі уақытта экономикаға төтеннен, сырттан киліккен бүкілдүниежүзілік дағдарыстың да алдын алу, бетін қайтару амалдарын іздестіріп, тосқауыл қоюдың жолдары қарастырылды. Елді тоқсаныншы жылдардың аяғындағы дағдарыстан аман алып қалды. Елбасымыздың дағдарыстан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойып отырғаны да сондықтан.
Тұғырлы мемлекеттің бас қаласы Еуразия жүрегінде орналасты. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айналды. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының «Жасыл ел» жобасы «Мәңгілік Ел орнатамыз» деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. «Біз болашақ ұрпаққа дамыған, келешегі кемел Қазақстанды табыс етуіміз керек», – деген Елбасын көп ретте Абылай ханмен байланыстырып та жатамыз. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай хан халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның «Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем» деген арманы асқақ болатын. Абылайдың да сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адалдық танытқан – Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазір егемен еліміз өркендеп, дамыды. Жоспарлар жемісін беріп, нәтижелі орындалды. Ширек ғасыр бұрын бір қырдың астында отырып, келесі қырдың басына барып келгенін жыл бойы әңгіме қылып айтатын қазақ бүгінде таңертең үйінде шай ішіп, ал түсте бас қалада болып, кешке шалғайдағы шаңырағына қайта оралып жатса, бұған ешкім таң қалмайтын болды. Заманауи көліктер де, ұшақтар да, пойыздар да халыққа қызмет етуде. Ел тыныш, қоғамдық қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілген. Еліміздің талантты да алғыр жастарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білімін жетілдіруге жол ашылды. Елбасының қадір-қасиетін осы тұрғыдан да бағалауымыз керек.
Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы – ел тірегі, ұлт мақтанышы. Түркі әлемінің ең танымал тұлғасы да – Елбасы. «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» деген сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды. Сондықтан да Елбасымызбен мақтанғанымыз – елдігімізбен мақтанғанымыз. «Тұңғыш Президент күні» мерекесінің тойлануы – Елбасыға деген ерекше құрметтің белгісі, ел бірлігінің жарқын көрінісі.
Омарбек НҰРЖАНОВ,
Отырар, Сарыағаш, Мақтаарал
аудандарының Құрметті азаматы.