ӘЛЕМДІК ШЕШІМДЕРІ ТАҢҒАЛДЫРАДЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымы мінбесінен Жер шарын экологиялық қасірет қыса бастағанын, оның Адамзат өміріне аса қауіп екенін айтып, дабыл қаққан Елбасы қайраткерлігін әлем баспасөзі жарыса жазды. Астанада екінші рет өткізілген халықаралық антиядролық конференцияға келген шетелдік меймандар бейбітшілік пен бірлікті басты қағидатына айналдырған Қазақ елінің мұндай бастамасына құрметтерін білдірді. Канадалық өкілдер Қазақстанның осы бағыттағы батыл әрекеті – ядролық қаруы бар державаларға үлгі болуы керек екенін айтып, Семей полигонын жабуға себепкер болып, ядролық қарудан бас тартқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын толық қолдайтындарын жеткізді. Елбасымызды сырт елдегілер ұлықтап жатқанда, біздің түртпектейтінімізге не жорық?! Барды бағалап, өз басшымызды өзіміз құрметтеп, сыйламасақ, жас ұрпаққа берер үлгі өнегемізге сын болары анық. Сондықтан да осы орайда, ел болып бас қосып, Отаны бірдің жүрегі бір, тілегі бір екенін білдіріп, Елбасымызды Нобель сыйлығына ұсыну дұрыс шешім екенін айтып, бұл ойды толық қолдайтынымды білдіремін. Асқан дарын мен білімпаздық тоғысып, Елбасы бойындағы кемеңгерлік сынды асыл қасиетті қалыптастырған. Ақыл-ойының кеңдігіне ұшқыр қиялы жалғасқан Президент – жарқын идеялардың жаршысы. Ел ішіндегі және мемлекетаралық маңызды мәселелерді шешіп, алыс-жақын шет елдерге ресми және бейресми сапарлап жүріп, қарапайым адамдар үлгере алмайтын тәуліктің күнделікті тыныс-тіршілігінен  сырт қалмайтын сегіз қырлы, бір сырлылығыңа таңдай қағып, тамсанбасқа амалың жоқ. Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек екендігін де Елбасыдан үйренген жөн.

ЕурАзЭҚ-тың Бас хатшысы, белгілі дипломат, ғалым Тайыр Мансұровтың «Еуразияшылдық – Нұрсұлтан Назарбаевтың іске асқан жобасы» атты кітабында Мемлекет басшысының қайраткерлік тұлғасы, кісілік келбеті нақты және шынайы берілген. Әлем тарихындағы кей­бір ұлы қайраткерлердің ба­сын­да уақыт пен кеңістіктегі ағымдық іс-әрекеттен, тіпті бол­жалды дүниелерден мүлде бөлек, адамның көзқарас көкжиегін ке­ңейтіп, әлдеқайда терең әрі биік дүниелерді көре алған қа­сиеттері болғанын айта келіп, автор Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың орталықтанудан қашу идеясы асқақтап тұрған тарихи кезеңде замандастарының ойына кел­меген ұсыныс айтуы – көрегенділік пен кемеңгерліктің, кісілік келбетінің көрінісі дейді. Ойын дәлелді ету мақсатында автор Президент Н.Назарбаевтың қары­мы мен қасиетін көрсететін бірнеше заманауи ойшылдар мен сая­саткерлердің ол туралы айт­қан пікірлерін дәйектейді. Атап айтар болсақ, Сингапур реформасының атасы Ли Куан Юдың 2003 жылы өз елдеріндегі «Бизнес таймс» газетіне шыққан: «Президент Назарбаев – түрлі республикалар бас­шылары арасындағы аса ірі тұлға. Қазақстанның көшбас­шы­сы – шекті өлшемде қатал, нақты іске бейіл, жылдам және шешімтал адам, сонымен бірге, тар­тым­ды, дарынды және табанды. Оны бұрынғы Одақ республикалары­ның басшылары да түгел мойын­да­ған. Егер республиканың ба­сында Назарбаев тұра беретін болса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндіктері өте зор», – деген сөзі. Осыдан тоғыз жыл бұрын айтылған болжамды пікірдің бүгінгі таңда қаншалықты шындыққа ұласқанын айтып жатудың өзі артық.

Әрбір мемлекетті мемлекет етер оның ұлттық рәміздері дер болсақ, ұлтты ұлт ретінде сақтайтыны – оның Ана тілі. «Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазынасы» (Ж.Аймауытов) ана тілінің қадір-қасие-
тін танып, құрметтеуді әрбір қазақстандық ел Президентінен  үйренсе игі. Көсемдігіне шешендігі жарасқан көшбасшының мемлекетте және сырт жерлерде сөйлеген сөздері жүрекке жылы тиіп, жүректерге жол таба біледі. Өз ана тілінің қайнар бұлағынан қана ішкен Нұрсұлтан Әбішұлының «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген тапсырмасын ұлтын сүйер әрбір қазақ бар ниетімен орындауы тиіс.

Елдіктің өзегі – бірлік, кілті – тіл, қадір-қасиеті – кісілік екенін осыдан он ғасыр бұрын Жүсіп Баласағұн бекер айтпаса керек. Есте жоқ ескі замандарда батырлары мінген тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтар мен ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы болып табылатын Қазақ халқы – үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық ретінде тарихта сақталғанын ешкім де жоққа шығара алмақ емес. Археологиялық қазбалардың нәтижесінде қол жеткізген көне жәдігерлер – сақ заманының куәгері «Алтын киімді адамның» алтын тостағанындағы және Түрік қағанатының тарихын танытқан «Орхон – Енисей» мен Талас жазбалары ойымыздың ақиқаттығына дәлел бола алады. Байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі ызғарлы Желтоқсанға дейінгі кезеңде азаттық, тәуелсіздік үшін күресіп келген ата-бабаларымыз бен қандас бауырламыздың ерен ерлігі Елбасы саясатындағы ұстанар негізгі рухани қазық. Мұны мемлекет басшысының: «Біз аға ұрпақтың абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол саламыз. Бұл жол – тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлдену, өркендеу және даму жолы болады», – деген сөзі жандандырады. Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы деп ұғатын Нұрсұлтан Әбішұлы дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, жаңашылдықты жатырқамай, тың бастамалармен елін өрге бастап келеді. Туған Отанына, туған мекеніне деген ыстық ықылас пен өз ұлтына деген терең сүйіспеншілік сезімі тәуелсіз мемлекетіміздегі көпұлтты халықтар достастығы мен татулығын сақтауда қызмет етуде. Бұл тұста да саналы саясаткердің кемеңгерлігі мен көрегенділігі таңқалдырып, тәнті етеді. 

Оңалбай АЯШЕВ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика университетінің

ректоры, педагогика

ғылымдарының докторы.

2012 ЖЫЛ.