«ӘЛЕМНІҢ ТАҒДЫРЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА»

Кеше де, бүгін де, ертең де ел тізгіні БІЛІМДІнің қолында. Қазақ ықылым заманнан «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деу арқылы ҒЫЛЫМды темірқазыққа теңеген.

Алпауыттар айға ұшып, озық ойлылар орбитаны зерттеп жатқанын көріп, қамсыз, қарекетсіз жатқынымыз жарамас. Ендеше, қайтпек керек? Ең алдымен, бәсекеге қабілетіміз жететіндей жан-жақты біліммен қарулануымыз қажет. Мұхтар Әуезовше айтсақ «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім».

Өткен ғасырда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Той деп шашылады, ас деп шашылады, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» деген екен. Көзі ашық, көкірегі ояу, техника тілін меңгерген бүгінгінің қазағы ғылымға салынған инвестиция өзін 100 пайыз ақтайтынына көзі жетті. Баласына шет тілін меңгертіп, түрлі қосымша курстарға беріп, мықты болашақтың іргетасын бүгіннен қалап жатқан ата-аналар көп-ақ. Күні ертең баптап өсірген ағашының тәтті жемісін жейтініне сенеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз», — деген еді. Бүгінде Қазақстандық жастарға АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Австрия, Венгрия, Әзербайжан, Түркия, Словакияда тегін білім алу мен тағылымдамадан өту мүмкіндігі бар. Мықты маман болып қайтсын деп шет елге жіберген жастардың басым көпшілігі сол жақта тұрақтап қалады. Себеп – ондағы ғылым мен білімге деген айрықша қамқорлық. Осы жайтты ескере отырып еліміздің білім саласына үлкен өзгерістер қажет екенін байқаймыз. 4-5 жылдап университетте басы артық пәндерді оқытып, ол үшін ғалымдарды таңнан кешке дейін кафедрада ұстаудың орнына екі-үш жылда негізгі бағытта білім беріп, сол білгенін ары қарай тәжірибе жүзінде іске асыратындай жағдай жасалса. Жақсы айлық ұсынып, ашқан жаңалықтары үшін қомақты сыйақы беріп, тек ғылыммен айналысатындай жағдай туғызса ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық. Ғылым мен білімге жеткілікті көңіл бөліп, қажетін өтеу арқылы ғана Ұлтымыз дамудың даңғыл жолына түсетіні сөзсіз.

Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ.