Әлеуметтік бастама ұсынған президент «жұмыс істей беретінін» айтты
Бүгін Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Отырысқа ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп қатысып, өзінің жаңа әлеуметтік саясаты жайлы айтты.
Наурыздың 5-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел парламенті палаталарының бірлескен отырысына келіп жарты сағат шамасында сөйлеп, «халықтың әл-ауқатын көтеру үшін» жолындағы «бес әлеуметтік бастамамен» таныстырды. Президент сөзін әдеттегідей қазақ тілінде бастап, орыс тілінде сабақтап отырды. Қазақша сөйлегенде шегініс жасап, арасында тарихи жағдайларға да меңзеп отырды.
Парламент мінберінде сөйлеген сөзінің басында президент Назарбаев 1 наурыз – алғыс айту күні екенін еске алып, кезінде Қазақстанға қоныс аударып келген «босқындарды» жергілікті халықтың қалай паналатқанын атап өтті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев халыққа өзін «бірнеше рет сайлағанына» да алғыс білдірді. «Біздің халқымыз ертеңге сенімді қарау үшін жұмыс істеп келдім, жұмыс істеп те отырмын және жұмыс істей беремін» деді президент. Сөзінің кіріспесінен кейін ел басшысы дамуды бұдан ары жалғастыру үшін жасалатын әлеуметтік бастамаларын ұсынды.
Назарбаев бірінші бастама ретінде әр отбасының баспанамен қамтамасыз ету керегін және оған мүмкіндік қалыптастыру жайында айтты. Сол үшін берілетін несие пайызын жеті пайызға дейін, алдын ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту керегін айтқан президент мұны шартты түрде «7-20-25» деп атады.
«Екіншіден, салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын жұмысшылардың табысын молайту үшін салық жүктемесін он есеге азайтып, бір пайызға түсіру керек. Бұл бастаманы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыруды ұсынамын» деді президент.
Назарбаев бұған қоса үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеру қажетін айтты. «2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салуы керек» деді Қазақстан президенті.
Президенттің төртінші бастамасы шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін жеңілдетілген шағын несие көлемі туралы болды. Назарбаев 2018 жылы жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыру үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлу керегін айтты.
Бесінші бастама деп Назарбаев Қазақстанның орталық және солтүстік аймақтарына газ тарту керегін айтты. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ғана газ тартылғанын айтқан президент орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды.
https://www.azattyq.org