«АЛО, БЕЛЯШИ БАР МА?» ДЕП ХАБАРЛАСАТЫНДАР КӨП
«5:32» сериалдар желісі бір ай бойы ғаламторда қаралымы жағынан көш бастап тұр. Онда еліміздің 90 жылдардағы қылмыс әлемі, оның ішінде адам өлтіргіштер туралы баяндалады. Барлық шығарылымы түгелдей өмірде болған оқиғаларға негізделген. Сол сериалдардың бірінде ең озбыр да аяр, жыртқыш әйел Зәуренің рөлін сомдаған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Жәудір Сарыпбековаға көрермен көкейіндегі біраз сауалдарды жолдап едік…
— Кәсіби шеберлігіңізге Ресей блогерлері де оң бағасын беруде. Даусыңызға дейін денемізді түршіктірді. Адам жегіш әйелдің көзқарасын, болмысын, даусын нанымды сомдау үшін қалай іздендіңіз? Бұл айналамыздан қарап зерттей салатын қолжетімді кейіпкер емес ғой…
— Бәріңізге белгілі, бұл өмірде болған оқиғаға негізделіп түсірілген сериал. Шындығында менің кейіпкерім Зәуре жасы егде тартқан қарт әйел болған екен. Рөлге лайық деп шешілген соң, жасын кішірейтіп көрсетуге тура келді.
Биыл көктемде театрға Мәскеуде білім алған Әлібек Өмірбекұлы деген жас режиссер келіп, шеберлік сабағын өтті. «Қораз» деген қойылымға дайындық барысында дауысты өзгертуді меңгердік. Еліміздегі оқу орындарында мұны әлі тереңдете үйретпейді. Әлібек Өмірбекұлы неше түрлі дауысқа салып көрудің техникаларымен бөлісті. Осы тәжірибемді «5:32»фильміне түсерде пайдаландым. Режиссердің «маньяк әйелдің болмысында не өзгелерден артық, не кем тұсы анық көрініп тұру керек» деген талабы да әсер етті. Сондықтан даусымды барынша өзгерттім.
Байқағаным, қазақ актерлары көп тәжірибеге жасауға әлі де ұялады, ерекше нәрсе ойлап табуға сол жердегі түсірілім тобының өзінен қысылып тұрады. Негізінде батыл қадамдар жасап өзіңнің жасырын тұстарыңды ашуға болады екен.
— Әлеуметтік желіде түрлі пікірлер білдіруде. «Осыншалықты озбыр жанның рөлін ойнауға қалай келістіңіз, неге мұндай киноға түстіңіз? Сізден қорқамын, сізді жек көремін!» деп ренішін білдіріп жатқандар да бар. Көрерменнің көкейіндегі осы сұрақтаға өзіңіз жауап берсеңіз?
— Жаңа туынды шыққанда көрермендер әрқашан екі тарапқа бөлінеді. Тіпті жағымды образдың өзін қабылдай алмайтындар бар, тым идеал, біздің өміріміз мұндай емес ғой деп жатады. Бірақ маған келген хаттардан, желідегі пікірлерден байқайтыным оң бағасын берушілер көп. Көкермендер кәсіби көзқараспен қарауға ұмтылған. Мұны тек жауыз оқиға деп емес, кәсіби шеберлік тұрғысынан да сауатты бағалай алғандары қуантты.
— Ал өзіңіздің отбасыңыз, ортаңыз қалай қабылдады? Осы сериалдан соң өміріңізде қандай өзгерістер, қызықты оқиғалар орын алды? «Беляши» саудасына кері әсерім тиіп кетті деп ойламайсыз ба? (әзіл)
— Иә, өмірім «беляшимен» тығыз байланысып кетті (күлді). Бұл фильм шыққан соң инстаграм парақшамнан номерімді көріп, хабарласып жатқандар көп. Бір күні whatsapp желісінен қоңырау келді, қосып қалсам алдымда бір топ жігіттер тұр. Менің өмірдегі түрімді көріп, даусымды естігілері келген секілді. Ыңғайсызданып қалдым да, өшіріп тастадым. Бірнеше рет хабарласып, үндемей өшіріп қоятындар жетерлік. Ал енді біреулері «ало, саламатсыз ба, беляши бар ма?» дейді. Көшеде көргендер «беляши тәте» деп, амандасып өтеді. Кейде шеттен шыққандарға ашуланып, ұрсып тастаймын. Инстаграмда жазылып жатқан хаттар толассыз. «Беляши сататын апалар сізді аямаймын деп жатыр» деген пікірлерді естіп күліп аламын. Мұның бәрі рөлді нанымды алып шыққанымның белгісі деп түсіністікпен қарауға тырысамын. Ең бастысы, жолдасым, отбасым оң көзбен қарады. Балалаларым біздің өнер адамы екенімізді біледі, ата-анасын театрдан, кинодан көріп өскен соң бәрін түсінді. Екінші ұлым кішкентай болса да қалжыңды жақсы айтады. Бір күні «кешкі асқа не істесем болады» деп ойланып тұрсам, балам «мама, «беляши» жемедік пе?» деп күлдіргені бар. Негізі өмірде «беляши» көп жемейтін едім, бірақ киноға түсіп жатып әбден тойып алдық ғой (күлді). Жалпы маған ыстық ықыластарын білдіріп жатқан барша көрермендеріме алғысымды жеткіземін!
—Маньяктың рөлін алып шығу психологияңызға қаншалықты ауыр тиді? Әдетте шетелде моральдық ауыртпалығы үлкен ойындарға қаламақы көбірек төленеді деп естиміз. Бізде қалай?
-Түсірілімнен соң он күнге дейін ауырдым. Жұмыс барысы үш күнге созылды. Гримерлер тісіме, шашыма, бетіме бір сұйықтықты құйды. Сол химиялық сұйықтан болар, аузым ойылып, стоматитке жалғасты. Он күн бойы тамақ, су іше алмай нәр тата алмадым. Тағы бір қиындығы, киноның соңында басты рөлдегі Шалқар екеуміздің төбелесетін жеріміз бар. Дайындық барысында барынша бір-бірімізге соққы тигізбеуге тырыстық, ал нағыз түсірілім басталғанда оның қолы аузыма қатты тиіп кетті. Сол жерде құлаған күйі, шаршап жатып қалдым. Ертеңіне тұрып түрімді қарасам ернім ісіп, шашым таралмай әлі образдан шыға алмай тұр екенмін. Әбден қалжырағанымды сол кезде барып сездім. Ал енді қаламақы мәселесіне келсек біз қашанда қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке салатын халықпыз ғой. Бұл жолы да артық ақша талап етпедім.
— Алдағы уақытта тағы осындай рөл ұсынса бас тартпайсыз ба?
— Фильм шыққанша уайымым күшті еді. «Тым асыра сілтеп жібермедім бе, қоғам қалай қабылдар екен, қай жағынан ұтымды болады?» деген сұрақтар мазалады. Алайда жоба жетекшілерінің сапалы жұмысына сенім артып, өзімді сабырға келтіретінмін. Алматыда алғашқы көрсетіліміне шақырды. Белгілі себептермен бара алмай, тікелей эфир арқылы бақыладым. Кілең кино, шоу бизнес өкілдерінің мықтылары жиналып, оң бағасын бергенде барып көңілім орнына түсті. Сол күні ютубқа шығып, астына жазылған жақсы пікірлер қарша борады. Болашақта сапалы жоба болатын болса, мұндай образдарды сомдаудан бас тартпаймын.
— «5:32» туралы өзіңіздің жеке пікіріңіз қандай?
— Бұл киноиндустриясы дамып кеткен Корея, Голливуд, Россияға жаңалық емес шығар, бірақ біздің Қазақстанда дәл осындай форматта, сапалы кино түсіру алға жылжығанымыздың белгісі. Актерлардың бәрі шынайы импровизациямен ойнағандарына ризамын. Тоқсаныншы жылдары адамның, ит-мысықтың етінен беляши жасайды дегенді естігенде өтірік деп нанбаушы едік. Сол кездегі құқық қорғау органдарының осындай озбырлыққа жол беріп, тамырын тереңдетіп жібергені өкінішті. Былтырғы Аяжан деген қыздың оқиғасын да әлі ұмытпадық. Қоғамда адам кейпіндегі жыртқыштардан сақ болуға шақыратын киноның болуы заңдылық. Ең бастысы, киноға кино деп қарауды ұмытпайық!
— Әңгімеңізге рақмет! Көрерменнің көзайымына айнала беріңіз!
Сұхбаттасқан
Аяулым ТАСТАНБЕК