Аңшылық көшпелі қазақтың қанға сіңген өнері. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» демекші, бабаларымыз қыс келсе қаны қызып, кең далада атпен атой салып, қыран бүркіті мен құмай тазысын жарыстырып, нағыз ерлерше көңіл көтерген. Қазіргі таңда көпшілігі бұл өнерге хобби, спорт түрінде қарайды.
Төлеби ауданының тұрғыны Қалшабек Мәлікұлы жастайында аңшылықтың қызығы мен қиындығын бір кісідей көрген тау баласы. Өзі туып-өскен Сайрам судың шыңдарына өрмелеп, аң-құсын аулаған аңшының қызықты әңгімелерін жазып алып, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«СЕГІЗІНШІ СЫНЫБЫМДА ЕҢ АЛҒАШ ОЛЖАЛЫ БОЛДЫМ»
— Әкем Мәлік аңшылыққа қатты құмартатындықтан, аңға бірге шығатындар біздің үйге жиі келетін. Үстілері су-су болып оралған олар шай ішіп, бойлары жылығаннан соң әңгіменің тиегін ағытады. Мүлт кеткен тұстары мен көздеген нысананы қалт жібермеген сәттерін бір-біріне айтып жатады. Бұл отырыс түн ауғанша жалғасса да, ұйықтамай тыңдайтын едім. Әңгімелерінің қызығына шомып, «Мен де қашан аң аулауға шығады екенмін?!» деп армандайтынмын.
Біраз жыл болды, денсаулығым аздап сыр беріп, аңға шығуды азайттым. Бірақ, тауға жиі барып тұрамын. Ең алғашқы олжам қанжығаны майлағанда сегізінші сыныпта оқитынмын. Қысқы демалыста ағам, мен, ауылдасым үшеуміз елік атуға шықтық. Жолда балалықпен қасымдағылардан бөлініп қалдым. Адассам да үлкендерден естіп өскенім бойынша жолды шамалап келемін. Еліктер құзда, тау-таста емес, ылди мен сай-салада, бұғылардың арасында жүретінін үнемі айтып отыратын. Бір кезде үш метр жерден секең етіп бір елік шыға келді. Әкемнің мылтығымен атып кеп жібердім. «Атқан оғым далаға кетті» деп топшылап тұр едім, жануар бір бұтаның арасына кірді де шықпай қалды. Содан бұтадан көз алмай, қасына келсем елік құлап жатыр. Кіндік тұсына бір оқ тиген екен. Ірі жануарды ең алғаш атып алғаным осы болды.
Аңның жел өтінен және шығыс жағынан бармау керек, оларға ық жағынан жақындаған дұрыс екенін аңшылардың әңгімесінен түсіндім. Егер олай әрекет етпесең, мылтық пен адамның иісін сезіп қояды деуші еді. Әкемнің кеңестерін естіп өстім. Ол кісі буыным қатайып, мылтық ұстауға жараған кезімде мені өзімен бірге аң аулауға алып шығатын болды. Сол кездер әлі есімде. Әкем екеуміз екі жылдай аңшылықпен айналыстық. Кейіннен мылтығын біржола маған тапсырды.
«БІР ТОП ҚАСҚЫРДЫҢ ҚОРШАУЫНДА ҚАЛДЫМ»
Бір топ қасқырлардың қоршауында қалған кезім де болған. Қолымда мылтығым бар, өзім жаяумын. Жаздағы малшылардың мал айдаған соқпағымен келе жатырмын. Алдымдағы жолдан басқа еш нәрсе көрінбейді. Бір кезде бірнәрсе сақ-сақ етеді, ойымда ешнәрсе жоқ. Қыратқа көзім түскенде бір-екі қасқырдың сұлбасын байқап қалдым. Әлгі сақылдаған дыбыс солардың тісі екен. Кейін байқадым, мені қоршап алыпты. Дереу есімді жидым да мылтығымды алып, қыратта көрінген сұлбаға шамалап атып жібердім. Сол-ақ екен, әлгі дыбыстар сап тиылды. Таң атқан соң қарасам айналам тола із. Алла сақтап, аман қалыппын. Жалпы, қасқыр өте ақылды, иісшіл аң. Аңшылық ғұмырымда екі рет қасқыр атып алдым. Сайрам су тауының биіктігі 4238 метр болса, соның 3000 метріне шықтым деп айта аламын. Ұлым да тауға шыққанды, табиғатты тамашалағанды ұнатады. Бірақ, аңшылыққа қызықпай-ақ қой деп отырамын. Өйткені, соңғы кезде аң аулаудың шектеулері көп, қиындап кетті. Ал, одан да ең маңыздысы, аңшылық деген құмарлықпен тең. Оған бір қызығып, соңына түскен адам дүниені ұмытады. Тіпті, оқу оқып, дүние жинау, жұмыс істеуді де осының жолына пида қылады, — деген Қалшабек аңшы аңдардың әрекетіне қарап, ауа райын да болжай алатынын айтады.