«ӘР АТҚАН ТАҢЫМЫЗДЫҢ ӨЗІ «МОТИВАЦИЯ»
Біздің қоғамда кейбір таптаурын болған түсініктер бар. Көбіміз сол қасаң түсініктерді шындық деп қабылдайтынымыз сонша, ештеңені өзгертуге талпынбаймыз. Ол таптаурындарды тас-талқан етіп бұзып, жаңа көзқарас қалыптастыратын адамдар да санаулы. Еркінбай Шалтанның өзі ашқан орталықты «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығы» деп атауы да қоғамдық пікірді өзгертуге деген кішкентай қадамы еді. Кеңірек тарқататын болсақ…
— Еркінбай аға, бұған дейін тек мүмкіндігі «шектеулі» жандар деген тіркесті еститінбіз. Ал, сіз «Шапағат» қауымдастығын «мүмкіндігі шексіз азаматтар орталығы» деп атапсыз. Шыны керек біріншісіне қарағанда, екіншісі құлаққа жылы, жағымды естіледі екен…
— 2013 жылы құрылған қор омыртқасы зақымданған адамдар үшін оңалту және жаттығулар кешені форматында жұмыс жасайды. Мақсатымыз – аты айтып тұрғандай, шапағатын шашсын, қоғамда игі істер көбейсін деген ізгі ниет. Қордың ауқымы өте кең. Біз өзіміз сынды тағдыр сынына ұшыраған көптеген азаматтарға моральдық, психологиялық көмек көрсетіп, өмірге қайта бейімдейміз. Сонымен бірге әлеуметтік кәсіппен айналысып, мемлекеттік гранттарды жеңіп алып түрлі тренингтер өтеміз. Адамдардың көшбасшылығын арттыру мақсатында, олардың заңдық құқығын білу, жаңа технологияларды меңгеру, пайдалану бағыттарында жобаларды ұтып алып, көп жұмыстар жасадық.
Ал, сұрағыңызға келсек, қоғамда «мүмкіндігі шектеулі» деген сөздің өзімен-ақ біз қаншама адамның үмітіне тосқауыл қоятындаймыз. Арбаға таңылғанда жылдар бойы мен де өзімді іштей мүжідім. Уақыт өте ең бастысы ақыл-есім сау, тірімін, неге ел қатарлы тірлік жасамасқа? – деп жігерлендім. Өзіме шектеу қоймадым. Адам миындағы армандарда шексіздік пайда болғанда ғана жігері оянады. Осыны ұғынған сәттен-ақ мен қоғамға өз пайдамды тигізе бастадым. «Мүмкіндігім шектеулі, мемлекеттен не аламын?» дегенді миымнан шығардым. Басқа тағдырластарыма да осыны ұғындырғым келеді. Содан бері бұл орталықты мүмкіндігі шектеусіз азаматтар қоры деп атап жүрміз. Құжат бойынша, әрине «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қоры.
— Ашылғандарыңызға жеті жыл толыпты. Қордың қазіргі жағдайы қалай? Демеушілер мен қайырымдылық көрсетушілер көп пе?
— Бұл жобаны досым екеуміз 2005 жылдан бері ойластырып жүрдік. Арада түрлі шетелдік, республикалық тренингтерде біліктілігімізді арттырып, 2013 жылы ойымыз жүзеге асты. Алғашында өте ескі әкімшілік ғимаратын алып, істі сол жерден бастадық. Бірде еріктілер орталыққа өздерімен жас кәсіпкер Сырым Ертаевты да ала келіпті. Ол бізді мұқият тыңдап, ескірген қоныстың жағдайын көріп, жаңа ғимарат салу туралы пікірін айтты, үнемі қолдау білдірді. Содан кейін айналама өзім сынды жастарды жинап алып, Түркістан қаласының әкіміне хабарластым. Рақмет, бей-жай қарамай, орталық ашу үшін бізге шағын орын берді. Біздің адвокатымыз әрі жанашырымыз Қошқаров Құлажан ғимараттың құрылысы үшін өз меншігінен 1 га жер бөлді. Былтырғы жылы, яғни 2019 жылдың қыркүйегінде 16 адамға бірден емделуге болатын жаңа ғимаратқа қоныс аудардық. Ғимараттың құрылысына жергілікті кәсіпкер Инара Намазбаеваның ұйытқы болуымен Түркістан облысының іскер әйелдер қауымдастығы қомақты үлес қосты. Ішінің толық жабдықталуына, жиһазбен қамтамасыз етілуіне, төсек-орын мен ыдыс-аяқ сатып алуға көп көмегін тигізді. Қазіргі таңда облыстан бөлек, республиканың түкпір-түкпірінен емделушілер келіп алғыстарын жаудырып кетеді. Біздің орталығымызға көптеген еріктілер сөзбен де, іспен де демеу береді. Жалпы емделушілерден түскен қаржы осы орталықтың шығынына жұмсалады. Қосымша өз қалтамыздан қаржыландырып отырмыз.
— Орталықтарыңыз бүгінге дейін қанша адамның аяқтан тұруына сеп болды?
— Мен кезінде ем іздеп,шапқылап жүріп Павлодардағы бір дәрігерге келдім. Ол кісінің өзі жұлын жарақатынан кейін 8 жылға жуық мүгедектер арбасына таңылған. Сонда да ізденіп, барлық әдістерді қолданып, қалыпты өміріне оралғаны осы екен. Дәрігердің басшылыққа алатын басты қағидасы – жаттығу жасау. Себебі біздің денеміздегі бұлшықеттердің есте сақтау қабілеттері болады, соларды оятуға бар күшімізді салу маңызды. Сондықтан күніне 14 сағат бойы өзімді аямай жаттығу жасауға бейімделдім. Жылдар бойы тынбай жасаған табанды жаттығу арқасында оң нәтижеге қол жеткіздім. Біздің орталықта да осы жаттығудың күшімен жәймен оңалып жатқандар баршылық. Қор құрылғаннан бері бел омыртқалары ауыр деңгейде зақымданған 60-қа жуық азамат реабилитация қабылдады. Азаматтардың 15-і қол тірегі құралын пайдаланып, 11 азамат спорттық темір тірек арқылы, 17 емделуші нұсқаушының көмегімен жүре алу мүмкіндігіне ие болды. 12 емделуші ешкімнің көмегінсіз, өз еркімен қол арбаларына отыра алу мүмкіндігін пайдаланды.
— Емдеу-сауықтыру орталығында шешімін таппаған мәселелер бар ма?
— Бүгінде су емшараларына арналған ғимараттың жанында орналасқан ыстық көзді пайдалану туралы мәселе өткір болып тұр. Егер бұл суды емдік мақсатта пайдалансақ, омыртқа жарақаты бар пациенттердің арқа бұлшықеттерін, кеуде қуысы мен белдің жағдайын жақсартады. Сондай-ақ, жүзу жүйке жүйесіне өте пайдалы. Су кешенін салу үшін қосымша қаржы қажет. Осы игі іске жәрдем ететін жомарт жандар, инвесторлар болса қуанар едік.
— Еркін аға, өзіңіз бұл жағдайға қалай тап болдыңыз? Өмірге деген сүйіспеншілігіңізді жоғалтпауға күшті қайдан алдыңыз? Басқа тағдырластарыңызға не айтасыз?
— Көзімді жұмып, қиялға ерік берсем болды, 22 жасар жігіттің шөп жиналған шөмелей үстінде бесақамен тұрғаны елестейді. Екі мыңыншы жылдың қараша айы. Бір ғана сәт, бір ғана арқан. Көліктің үстінде шірік арқанмен шөп тартып тұрып, құлап түстім. Одан кейін көзімді ашқаннан көргенім неше түрлі дәрігерлер, шетелдік профессорлар, ауруханалар легі. Қайда, кімге барсам да еститінім бір суық сөз. «Үміт жоқ!». Менің өмірім осылай аяқ астынан өзгеріп сала беріп еді…
Алайда… Бір ғажайыптың болатынына сендім. Кеше ғана әскерден келген, тепсе темір үзетін мен өмір бойы арбаға таңылуым мүмкін емес. Мен қалайда қоғамға пайдамды тигіземін! – деген ойлар ғана күш берді. Өзімнің қайсар мінезіммен арбадан тұрдым. Ол жылдары бізге деген көзқарас мүлде басқаша еді. Арбада отыр деп алдыма тиын тастап қателескендер де бар. Өте ауыр күндер еді. Қиын-қыстау кездері қасымнан табылған Бауыржан досымның арқасында қоғамдық жұмыстарға бет бұрдым, білімімді арттырдым. «Мұрагер» жастар орталығында, «Жайылма» қоғамдық бірлестіктерінде тәжірибе жинап, «Қайсар» клубында төраға болдым. 2013 жылдан бері мемлекеттік конкурстарға қатысып, шет елдік гранттармен жұмыс істеп жатырмыз. Осы күнге дейін қаншама жанға шапағатымыз тиіп, алғысына бөленіп жүрміз.
Менің айтатыным, егер өзің өзгерсен, қоғам да өзгереді. Тұлға болғың келсе, өзіңнен баста! Қазір жастар арасында «мотивация» деген сөз трендке айналды. Өмірден шабыт алу үшін әркімді, әр нәрсені үлгі етеді. Мен айтар едім, әр атқан таңымыздың өзі бізге «мотивация». Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Сондықтан дәл бүгін сыйлас, бүгін жаса, бүгін ойлан!
— Әңгімеңізге рақмет! Қоғамға қосып отырған өлшеусіз еңбегіңіз жана берсін!
Сұқбаттасқан
Аяулым ТАСТАНБЕК.