«ӘР ҮЙДЕ БІР ЕР ТӨСТІК ТӘРБИЕЛЕНСЕ»: ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНДА «ЕР ТӨСТІК» ЕРТЕГІСІ САХНАЛАНДЫ

5 сәуір күні Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында Қ.Бегмановтың  «Ер Төстік» поэтикалық драмасының премьерасы өтті. Атадан балаға мұра болып жеткен ауыз әдебиетіміздің ең көне үлгісі саналатын ертегі бұл жолы балаларға театр тілінде сөйледі. Қойылымының идеясы – адалдық бар жерде барлық қиыншылықты жеңуге, үмітті үзбей күрессе мақсатқа жетуге болатынын айтады. Драмада барлығы 12 әртіс пен 16 қуыршақ өнер көрсетті.

Ертегі желісі бойынша Ер Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп, өседі. Күндердің күнінде ол өзінің сегіз ағасы барын біліп, іздеуге аттанады. Ол өзіне серік етіп Шалқұйрық атты таңдап мінеді. Шалқұйрық оның тек жүйрік аты ғана емес, алдағыны болжай білетін, адамша сөйлеп, адамша іс-әрекет ететін қасиетті жануар болады.

Оқиға желісінде жол-жөнекей түрлі кедергілерге жолыққан Ер Төстік қандай қиыншылықтарға ұшыраса да мойымай, күдерін үзбей, ештеңеден сескенбей алға ұмтылады. Жол бойы жолыққан адал дос бола білген Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар сияқты кейіпкерлер үнемі оған көмектесіп, жауды жеңуіне септігі тиеді.

— Бүгінгінің балалары әлемдік персонаждарды танып, соларға еліктеп өсіп келеді. Қ.Бегманов ағамыз алғаш сценарийді ұжымға тапсырғанда «Әр үйде бір Ер Төстік тәрбиеленсе» деген ниетім бар деп еді. Автордың осы аманаты шығармашылық топқа үлкен жауапкершілік жүктеді. Бүгінгі қойылымды көрген әр бала «мен енді Ер Төстіктей батыр боламын!» деп ойнаса біздің мақсатымыздың орындалғаны, — дейді театрдың көркемдік жетекшісі Мақпал Назарбайқызы.

Әу баста драманың тілі өлеңмен өрілген. Алайда бұл кішкентай көрерменнің санасына ауыр тиетіндіктен ауызекі тілге ыңғайластырылыпты. Көркемдік кеңестің шешімімен негізгі кейіпкерлер ғана қалып, барынша балаларға жеңіл түрде жеткізуге тырысқан.  – Мені бүгін театрға анам ертіп әкелді. Ер Төстік ертегісін мектепте, кітаптардан көп оқимыз. Бірақ қуыршақтар арқылы танысу мүлде өзгеше екен.  Мен енді бұл ертегіге кәміл сендім, — деген кішкентай көрермен Нұрсәуле Ернарқызы енді театрға жиі келіп тұратынын жеткізді.

Бас кейіпкер Төстіктің рөлін сомдаған Ақберді Мұсақұлов қашанда дәстүрлі салмағы бар образдарды сомдау үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтады. Кейіпкер образын, оның нағыз батырларша қимылдап, қылыштасып, жүйрік атпен жарыса шабуын сенімді орындау және қимыл мен сөзі тең түсу үшін біршама тер төгуіне тура келіпті.

Аталмыш қойылым сәуір айының 6-7 күндері сағат 10.00 және 12.00-де қайталанып көрсетіледі.

Аяулым ТАСТАНБЕК.