ӘРҚАШАН БІРІНШІ

Біздің еліміз – жас мемлекет. Тәуелсіздік алғалы өткен аз уақыт бедерінде елді басқарып, оның аяғынан нық тұруына өзіндік үлесін қосқан тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ой толғауымды жазу мақсатында қолыма қалам алдым.

Өзі ауылдық жерде дүниеге келсе де, ел басқару дәрежесіне дейін көтеріле алған, елін көркейткен бұл тұлға туралы жазарым көп. Қарапайым жұмыскер ретінде еңбек жолын бастағандықтан болар, Әбішұлы Назарбаев қарапайым халықты түсініп, халықтың ойымен санаса білді. «Кез келген мемлекеттің қуаты халқында» деген сөздерді ұран етті. Бір шаңырақ астында 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдерін сыйғыза алды. Бірлігімізді біздің қаруымызға айналдырған біртуар азаматтың көрегендігіне таң қаласың. Бұл кез-келген адамның қолынан келе бермес.

Елбасы бір сұхбатында: «Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ, бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…»-деп еді. Бұл Отан-анасын, туған жерін жанындай сүйетін перзенттің, нағыз патриоттың сөзі. Халқымыз жырлап кеткен батырлар дәл осындай болса керек. Елім деп, жерім деп күрескен атом бомбасы сынды зұлым күшті жеңген батырдай елестеймін мен оны.

Ту тігіп, тәуелсіз болғанымен іс бітпейтінін түсінгендіктен болар, тұңғыш Президентіміз тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заман талабына сай жүру керек екендігін аса бір көрегендікпен айтып кетті. Расында да, ескіні ұмытпай, жаңғырту, заман талабына сай өзгере білу, өзгеру керек екен деп тамырымызды жоғалтпау қажет. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бағдарлама 6 бағыттан құрылған: бәсекелестік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын оқыған сайын, тереңіне үңілген сайын қара сөзбен халқына өсиет қалдырған Абайдай елестеймін мен оны.

Елбасы «Бой салыстыратын заман емес, ой салыстыратын» деген ұстанымды ұстанып, жастарды шет елге жіберді, «Болашақ» бағдарламасы аясында білім алуына жағдай жасады. Бұл бағдарламасын іске асыруына көз жүгірте отырып, қараңғыда адасқан қазақ халқын жарыққа бой түзеуіне жол ашқан ағартушы Ыбырай Алтынсариндай елестеймін мен оны.

Бойына батырлардың күшін жинаған, тағылымымен Абай мен Ыбырайдай үлгі болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Сондықтан да бұл тұлға қазақстандықтар үшін әрқашан бірінші болып қалады деп ойтолғауымды аяқтағым келеді.

zharar.com