АРЫС ҚАЛАСЫНДА АРДАГЕРЛЕР МЕН ЖАСТАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

Арыс қаласында ардагерлер мен жастардың қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында аллеялар мен саябақтар тазартылып, қаланың көркін арттыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл шара қоғамның әртүрлі буындарының бірлесіп, қала тазалығын сақтау жолында бірігіп әрекет етуінің жарқын көрінісі болды.
Тазалық шарасына арнайы қатысқан қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тазалықтың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол осындай шаралардың қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың денсаулығын сақтауға үлкен әсер ететінін атап өтті. Қала әкімі сенбілікке қатысқан ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерге, және жастарға алғыс айтып, олардың белсенділігін жоғары бағалады.
Сенбілікке қатысқан ақсақалдар қолдарына күрек ұстап, тазалыққа белсене атсалысты. Олар өздерінің өмірлік тәжірибелері мен даналықтарын жастармен бөлісіп, бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті. Жастар да бұл шарада белсенділік танытып, шөптерді шауып, арнайы техникаға артып, қаланың тазалығына өз үлестерін қосты.
Сенбілік шарасы қала тұрғындарының өз үйлері мен қалаларын таза әрі көрікті етуге деген ынтасы мен бірлігін айқын көрсетті. Қала тазалығына немқұрайлы қарамайтын қариялар мұндай шаралар тек қаланың сыртқы келбетін жақсартумен қатар, қоғамды біріктіріп, ортақ мақсатқа жетуге деген ұмтылысты арттырары анық дейді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі