АРЫСТА «ҮЛГІЛІ ҮЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ҚАРЖЫЛАЙ СЫЙЛЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ
Арыс қаласының тұрғындары арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, және бұған әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын, көшесін тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырған азаматтардың тазалыққа жанашырлығы – көпке үлгі екендігі сөзсіз.
Айта кетейік, «Үлгілі үй» байқауын жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі