АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІН ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысындағы Талапкер ауылына барып, мектеп түлектерін оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Жалпы білім беретін мектепте 1862 оқушы оқиды, оның 75-і мектеп түлектері болса, 123-і 9-сыныпты тәмамдады.
Асхат Аймағамбетов түлектерге ҰБТ тапсыру кезінде сәттілік тілеп, мұғалімдерге пандемия жағдайында атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Сонымен бірге БҒМ басшысы кәсіби шыңдалу жолындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, түлектерге қиындықтардан бас тартпай, қателік жасаудан қорықпауға кеңес берді. Сонымен қатар министр талапкерлерді мұғалім мамандығын таңдауға шақырды. Осы ретте министрлік педагогтің мәртебесін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн.
?«Алдағы уақытта сіздерді жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір белестері күтіп тұр. Ешқашан қиындықтарға мойымаңыздар. Адам баласы өз күші мен арманына сенуі керек. Құласаң да, қайта тұрып, алға ұмтылуға тырысу қажет. Өздеріңді шектемей, кең әрі ауқымды ойлауға тырысыңдар. Сонда ғана толағай табыстарға жетесіздер!», — деді министр Асхат Аймағамбетов.
Сөз кезегінде 1-сынып оқушылары түлектерге сәттілік тілеп, ал талапкерлер мұғалімдер мен ата-аналарына алғыс білдірді. Одан кейін түлектер мектеппен қоштасу вальсін билеп, білім ордасында “Соңғы қоңырау” соғылды.
Салтанатты жиын аяқталғаннан кейін түлектер өз ой-пікірлерін білдірді. Мәселен, 11-сынып түлегі Ақнұр Идрисова биология мұғалімі болуды армандайтынын, осыған байланысты бейінді пән ретінде биология-география комбинациясын таңдағанын айтты. Ақнұр қашықтан оқыту форматының жағымды тұстарына баса назар аударып, ҰБТ-ға дайындық кезінде уақытты үнемдегенін айтып жеткізді. Мектеп түлегі Министрдің үндеуі оқушыларды жігерлендіре түсіп, жаңа шыңдарды бағындыруға итермелейтінін атап өтті.
«Министрдің бізге арнайы уақыт бөліп, құттықтап келгеніне өте қуаныштымыз. Маған сабақ беру, биология пәні ұнайды. Менің ойымша, бұл әрқашан сұранысқа ие болатын мамандық», — деді түлек.
Биыл еліміздің 3,4 миллионнан астам оқушысы үшін соңғы қоңырау соғылды. Оның ішінде 11 (12) сынып түлектері – 150 мыңнан астам, 270 мыңға жуығы 9 сынып оқушылары. Осы оқу жылында 1-сыныпты 350 мыңнан астам оқушы аяқтады. 9 822 үздік оқушы «Алтын белгіге» үміткер.