«АШЫҚ» ЖОБАСЫНА ҚАТЫСУШЫ НЫСАНДАРДЫҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫ ҰЗАРДЫ
Шымкентте бас санитар дәрігердің кезекті қаулысы шықты. Енді зообақ, азық-түлік емес дүкендер, басқа да мекемелер сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді.
Бұл нысандардың барлығы «Ашық» жүйесіне қосылған болуы тиіс. Ал «көшбасшы» мәртебесі барларға түнгі сағат 24:00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат беріліп отыр.
Алайда бұл мекемелер сенбі, жексенбі күндері жұмыстарын тоқтатады. Ал қосымшаға қатыспайтындар жеткізу қызметі арқылы жұмыс істейді.
Алдарқұл Ахметов, Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Кешкі сағат 22:00-ге дейін істеуге рұқсат берілгенімен, олардың өздерінің ішкі жұмыс тәртібіне сәйкес жұмыстарын атқарады. Міндетті түрде кешке дейін істеу міндетті емес. Зообақтың өзінің жұмыс істеу тәртібі қандай болады, сол тәртіппен жұмыс істей алады. Ал біздің қаулыда оларға таңғы 7-ден түнгі 10-ға дейін рұқсат беріліп отыр.
СЭС мамандары карантин режимін жеңілдету әлі ерте екенін айтады. Шымкент қою-қызыл аймақта қалып отырғандықтан, жағдай тұрақты емес. Қалада күн сайын 500-ге жуық ауру жұқтыру дерегі тіркелгендіктен, шектеу шаралары әзірге жеңілдетілмейді.