АСТАНА — ХАЛЫҚ МАҚТАНЫШЫ

Бүгінгі Астананың негізі мыңжылдықтар тоғысында қаланып, санаулы жылдар ішінде-ақ ғаламат сұлу заманауи шаһарға, нағыз урбанистік жауһарға айналып шыға келді. Еліміздің жаңа астанасын – бүкіл Қазақстан халқының арманынан туған ортақ перзенті десе де болғандай.

Жаңа Астананы салу барысын Елбасы өз аузымен былай сипаттаған еді:

«Болашақ елордамыздың бас жоспары ашық өткізілген халықаралық байқаудың нәтижесінде бекітілді. Оған ұзын-ырғасы 47 жоба қатысты, жоба авторларының ішінде әлемге аты мәлім қала салушы шеберлер де болды. Басым дауыспен әйгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокаваның жобасы озып шықты. Ол болашақ Астананың келбеті үшін Шығыс мәдениетін батыс өркениеті жауһарларымен байыта түсер, көне мен жаңа өзара жарасым табар, қала кеңістігіндегі заманауи құрылыс үлгілерін мәңгі өзгермес табиғи ландшафтпен жымдастырып жіберер айрықша шешім ұсынды.Жоба қабылданды, бірақ жапон сәулет өнері кемеңгерінің ойы, менің пікірімше, келешекке қол созған еліміздің арман-мұратына әлі де сай келмей жатқандай, қиялымыздағы көрініске дөп келмей тұрғандай еді. Мен жобаны әрі қарай жетілдіре түсуді, оған лайықты ауқым мен өріс беруді тапсырдым. Бұл істі атқаруға Сәрсенбек Жүнісов бастаған қазақ сәулетшілері жұмылдырылды. Мемлекеттің ендігі маңызды міндеті – жобаны іске асыруға қажетті қосымша қаражат табу еді. Қала құрылысын ойдағыдай жүргізетіндерді қателеспей таңдай білудің маңызы да одан кем емес-ті. Күрделілігі бас айналдырардай, жауаптылығы жалпыұлттық дәрежеге көтерілген бұл шаруаны тек кәсіби деңгейі аса жоғары шеберлер ғана атқара алатын еді. Қиын міндеттің екеуі де оң шешімін тапты. Астана өзінің бүгінгі сұлу келбеті үшін әлемдік сәулет өнері жұлдыздарына қарыздар. Олардың сіңірген еңбегінің ерекше екеніне еш күмән жоқ. Мен өз тарапымнан ауқымды қала құрылысының барлық ұсақ-түйегіне дейін мән беруге тырыстым – ғимараттардың идеясын, олардың мақсатты сәулеттік тұжырымдамасын ұсындым, құрылыс жұмыстарының барысын бақыладым, нысандарды үнемі аралап жүріп, ештеңенің де ескерусіз қалмауын қадағаладым. Шынында да, мен мұндағы әр көшені, әр үйді жақсы білемін, сондықтан да елімізге ат басын бұрған мәртебелі меймандарға Астананы аралату кезінде өзімді бейнебір гид секілді сезінемін».