Астанада тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерді еске алды

Елордада Ерлік күніне арналған еске алу шарасы өтті. Астанадағы «Отан – Ана» монументінің іргесінде орналасқан 1995 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің (Ұлттық ұланының) тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым жасауға Ұлттық ұлан басшылығы мен жергілікті атқарушы билік органдарының, әскери ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері және Астана қаласындағы №25 мектептің кадет сыныбының оқушылары қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Сондай-ақ, шара аясында Ұлттық ұланның Астана гарнизонының жеке құрамы салтанатты шеруде сап түзеп, 23 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасындағы шайқаста көз жұмған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ерліктің үлгісіне айналған азаматтар жайлы естеліктер айтылды.

Салтанатты жиында алдымен сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов өз Отанынан шалғайдағы өзге елдің шекарасын күзете жүріп, жанын пида еткен сарбаздар Тәуелсіз Қазақстанды экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатерінен қорғағандығын көпшіліктің қаперіне салды.

– Яғни, олар Тәуелсіздігіміздің нығаю жолына өз өмірлерін арнады. Халықаралық деңгейдегі құжаттамалық келісімге сай, біздің сарбаздарымыз тәжік-ауған шекарасын қырағылықпен күзетіп, бауырлас елдің тыныштығын қорғады, өз еліміздің қауіпсіздігін сақтады. Ерліктің жарқын үлгісіне айналған ержүрек батырларымызды біздің отандастарымыз ешқашан ұмытпайды. Осы күні Ұлттық ұланның барлық бөлімдерінде 17 сарбаздың рухына тағзым еткен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, биыл «Ішкі істер органдары қызметшілерін әлеуметтік қолдау қоры» арқылы марқұм болған сарбаздардың отбасыларын 100 мың теңге шамасында қаржылай көмек көрсетуді қолға алды. Осылайша, материалдық-моральдық қолдау арқылы біздің мемлекетіміз Отан қорғау жолында бақилық болған батырларымызды жас буынға үлгі-өнеге етуде. Тағзым ету арқылы жастарды елін, жерін сүюге баулитын мұндай шаралар Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген бағыт-бағдармен өзара үндес. Келешекте біз осындай іс-шаралар легін ұйымдастыруды жалғастыратын боламыз», – деді М.Сатов.

Сондай-ақ, еске алу жиынанда өз ойын білдірген азаматтардың қатарында Қазақстандық ІІО мен Ұлттық ұлан Ардагерлері кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, «ҚР ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының» төрағасы Кемел Жұмашев, 1995 жылғы 7 сәуір күнгі оқиғаның қатысушысы, тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған Ұлттық ұлан ардагері Қайрат Сәтбаев пен Астана қаласы № 25 орта мектебі кадет сыныбының оқушысы Жандос Құмырзақ болды.

«Қамшы» сілтейді