АСТАНАНЫ КӨШІРУ — ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ ОҚИҒА

Ақмоланың құрылысына Қазақстанның барлық облыстары қатысты. Астана көші басталар тұста әр аймақ мемлекеттік орган қызметкерлерінің отбасылары үшін көп пәтерлі екі үй салып беруді міндетіне алды. Бұл үйлердің тұрғындары кейін осы үйлерді «Алматының үйі», «Қарағандының үйі», «Қостанайдың үйі» деп атап кетті. Жаңа астанада сәулетшілердің, инженерлердің, прорабтардың, құрылысшылардың, көші-қон жұмысын ұйымдастырушылардың ерен еңбегінің іздері бар.

1997 жылдың 20 қазанында оқиға барысын жеделдету үшін  Н.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулы мәтінін ауызша айтып жазғызды және дәл сол күні осы қаулыға қол қойды. Бұл қаулы «Қазақстан-2030» Жолдауын жария еткеннен кейін тура 10 күн өткен соң қабылданды.  Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап рес публика астанасы болды. 8 қараша күні қалаға Қазақстанның мемлекеттік символдарының эталондары: Мемлекеттік ту, Елтаңба және Президент байрағы салтанатты түрде әкелінді. Көп ұзамай-ақ жаңа астанаға заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез, жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар жеделдетіп келе бастады. 10 желтоқсанда Ақмолада  Парламент палатасы мен Үкіметтің бірлескен отырысы болды. Осы атаулы күні астананы көшіру өз мәресіне жеткен саяси оқиға екені айтылды.

1998 жылдың 6 мамырында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласының атауы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойылды. Астана деген жаңа атау қаланың мемлекеттік деңгейдегі басты қызметін дәл бейнелеп тұр.

1998 жылдың 10 маусымында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсім мерекелік той-думанға ұласты. Айтулы оқиға еліміздің барша халқының, сондай-ақ шетел жұртшылығының назарында болды