Астананың 20 жылдығын тойлау үшін мемлекет 19 млрд теңге бөлді
Астананың 20 жылдық мерейтойын тойлау үшін республикалық бюджеттен 18,8 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлімдеді.
«20 жылдықты тойлау аясында өткізілетін 85 шараға барлығы 18 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Бізді қаржы министрлігі қолдап отыр және бұл қаражат бюджетте жоспарланған. Бұл шараларды жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін», –деді Сәкен Мұсайбеков сәрсенбі күні 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттің таныстырылымы кезінде.
Бұған қоса қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл шаралар бір жыл бойы өткізілетінін атап өтті.
«Шараларды жыл бойы өткізу туралы тапсырма бар. Оған елдің барлық аймақтары қатысады», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда Астана күні 6 шілдеде аталып өтеді.