Атлеттер ауылындағы барлық жиһаз және тұрмыстық техника Алматының әлеуметтік мекемелеріне берілді
«Универсиада мұрасы» жобасы аясында Атлеттер ауылындағы 140 мыңнан астам тұрмыстық заттар, оргтехника, арнайы қондырғылар Алматы қаласының 500 әлеуметтік мекемелері арасында бөлініп берілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.
Спортшылар үшін алынған төсек, тоңазытқыш, кір жуатын машина, шам, тапал тіреу, үстел, үтік тақталары, теледидар, медициналық қондырғы, кеңсе техникасы — барлығы 450-ге жуық зат қала ауруханаларына, мектептерге, емханаларға, балабақшаларға, колледждерге, спорт мектептеріне, жатақханаларға, ардагерлер үйіне таратылды.
«Қала ауруханаларында бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілді, материалдық –техникалық база жақсарды, қызметкерлер ағылшын тілі курсынан өтті. Ойындар аяқталғалы бері біз Универсиаданың оң әсерін сезінудеміз. Бізге қондырғы, жиһаз, оргтехника берілді. Бұлардың барлығы келген адамдарға сапалы қызмет көрсетуге көп мүмкіндік береді. Мысалы, ота жасалған сырқаттардың тез сауығуы үшін жайлы ортопедиялық матрацтар қашанда керек»,-атап өтті Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары Гаухар Көшкімбаева.
«Қала әкімшілігі Алматыдағы Ойындардан соң спорт объектілерінде қалған барлық жаңа жиһазды, техниканы, түрлі қондырғыны мегаполистің әлеуметттік мекемелеріне бөліп беру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл бізге, әсіресе үйлерінен жырақта, жатақханада тұратын балалар үшін үлкен қолдау», — деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технология колледжінің директоры Төлеуғали Тайтүлеев.
Универсиада обьектілерін пайдалану және ұстау жөніндегі директор Сергей Апенко барлық техника, жиһаз және қондырғыны әлеуметтік мекемелерге тарату туралы шешімді қала басшылығының Универсиада қарсаңында қабылдағанын айтты.
«Қала әкімдігі әлеуметтік мекемелерден қандай техника, жиһаз қажеттігі жөнінде өтінім алып, арнайы тізім жасаған болатын. Яғни, әрбір төсек, теледидар нақтылы мекенге жеткізіліп, дұрыс пайдаға асады», -деді С.Апенко.
Алматыда өткен универсиада тарихында алғаш рет 5000 мың орынды Атлеттер ауылы салынды. «Универсиада мұрасы» аясында бұл тұрғын үй кешені баспана кезегінде тұрғандар арасында бөлінеді, соның арқасында мегаполистегі үй кезегі 10%-ға азаяды.