АУДАН ӘКІМІ СУ ҚАШЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫН БӘСЕҢСІТПЕУ КЕРЕКТІГІН АЙТТЫ
Ауа-райының болжамы бойынша Мақтаарал ауданында алдағы 4 күнде жауын-шашын болмайтыны көрсетілген. Дегенмен, Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штабтың төрағасы Бақыт Асанов су қашырту жұмыстарын бәсеңсітпеу керектігін айтты. Бүгін аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрғали Жүнісов пен оның орынбасары Ерік Сарыбаевтар қатысты.
Жиын барысында бекітілген кесте бойынша штаб мүшелері өздеріне тиесілі жұмыстардың барысы туралы баяндап, елдімекендердегі ахуал туралы айтылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақталған. Ауа-райы қарасып тұр. Дегенмен, ауданға қарасты Мақтаарал ауылдық округінің кейбір елдімекендерінде жағдай әлі де күрделі. Осыған байланысты аудан басшысы тарапынан су сору, оны қашырту жұмыстарын бәсеңсітпеу керектігі айтылды.
Полковник Н.Жүнісов тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Мәселен, кенттер мен округтерге бөлінген мотопомпалар арқылы ең бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және үйіне кіріп-шығу мүмкін болмаған тұрғындарға көмектесу керектігін жеткізді. Департамент бастығы тік дренажды ұңғымалардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігін де тілге тиек етті.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында наурыз айының басынан бері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірнеше елдімекендерде көшелер мен үй аулуларын су басу жағдайлары орын алды. Қазіргі таңда ахуал тұрақталғанымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штаб жұмысын жалғастыра бермек.