«АУЫЛЫМ — АЛТЫН БЕСІГІМ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Елбасы Қазақстанды жаңартудың түпкілікті мақсаты – барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының, мәдениетінің, білімінің, ғылымның, денсаулығының жақсаруы екендігін үнемі бірінші кезекке қойып келеді. Әсіресе, ауылдың елдің жас буын өкілдерінің озық біліммен сусындап, жаңа технологияларды игере алуына аса мән берілуде. Осы халықтық саясат арқасында елдің әл-ауқаты көп өзгерді. Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанды бүгінгі Қазақстанмен мүлдем салыстыра алмаймыз. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезде әлем мемлекеттерінің арасына 140-орынды иеленсе, қазір бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына орнықты. Ендігі меже – ең дамыған 30 елдің санатына қосылу.
Жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін ең алдымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт. Бұл ретте еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағытта үлкен бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта, әсіресе, ауылды дамытуға қатысты тың бастамалардың оң нәтиже бере бастауы көңіл қуантады.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық нақылы қалтқысыз. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жастар. Осы орайда мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуіміз қажет.
Елбасының көрегендікпен ауыл проблемасын шешу жолдарын тікелей қолдауы және үнемі бақылауда ұстауы мемлекетіміздің стратегиялық даму бағыттарының бірегей екенін байқатты. Жақсының жақсылығын көріп, барды бағалай білсек, біз алмайтын белес жоқ. Қоғамымыздың өрелік көрсетер өрісі де осы болашақ «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы деген пікірдемін.