АЗАТТЫҚҚА АЛАШТЫ БАСТАП КЕТТІҢ…

Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ рухына

Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбековтің қайда жерленгені биыл ғана (1992 жылы) белгілі болды. Соған дейін бұл ел-жұрттан, тіпті оның ата-анасынан да жасырылып келген еді.

Намысыңа қыздырып көрігіңді,

Елің үшін қиып ең өміріңді.

Қара ниет, қандықол қарақшылар,

Ел -жұртыңнан жасырды өлігіңді.

Қалқан еткен қанатын қазағына,

Разы ма, әруағың наразы ма?

Бес жыл сұрап таба алмай дерегіңді,

Бес жылдан соң жиналдық намазыңа.

Бес жылдан соң басыңа ел жиылды,

Бодандықтан босатып белдігімді.

Азаттыққа Алашты бастап кеттің,

Өз сорымнан көрейін ендігімді.

Кешір, бауырым, сен жайлы не демедік,

Ұлыққа еріп «маскүнем» деген едік.

Желтоқсанда жалауын сен көтерген,

Есігімнен енді кеп Егемендік.

Үлгі болар бүгінге, кешеге де,

Өзің сынды ұл керек өсер елге.

Келешегі халқыңның өсіп жатыр,

Өз атыңа қойылған көшелерде.

Жібігендей болды ғой арқада мұз,

Бір көктемін күтуде бұл даламыз.

Азаттықтың ақ туын желбіретіп,

Арманыңды өлтірмеу — бізге парыз.

Абдолла ДАСТАНОВ.

Сәтбаев қаласы.

1992 жыл.