АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕ АЛҒАН ДЗЮДОШЫҒА СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында дзюдо күресінен кезекті Азия чемпионаты аяқталды.
Азия чемпионатында әйелдер арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан жерлесіміз Севара Нышанбаева жұбаныш кездесуінде Жаңа Зеландия спортшысы Джюстин Бишопты уақытынан бұрын «Иппон» ұпайымен жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін Севарадан басым болған қытайлық Тонгжуан Ли Азия чемпионы атанды. Оңтүстік Корея Джису Ким күміс жүлдеге ие болды.
«— Азия чемпионаты ойдағыдай өтті. Жарысқа екінші айналымда қосылғандықтан, үш кездесу өткіздім. Ширек финалда қырғызстандық дзюдошыны жеңіп, жартылай финалға шықтым. Жартылай финалда Қытай құрамасының спортшысы Тонгжуан Лумен кездестім. Финалдық жолдама сарапқа салынғандықтан ең қиын белдесуім болды. Бұл қарсыласыммен біз осы уақытқа дейін жарыстарда кездескенбіз, күрестеріміз бір-бірімізге таныс. Дегенмен, оның бағы басым болды. Одан кейін қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алдым. Жұбаныш кездесуінде соңғы мүмкіндіктен мүлт кетпеу үшін қырғызстандық балуанды, одан Жаңа Зеландия спортшысын оңай жеңдім», — дейді С. Нышанбаева.
Дзюдошының жеңісіне орай оған құрмет көрсетілді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Севара Нышанбаеваның жеңісін жоғары бағалап, арнайы сый-құрмет көрсетті. Алдағы жарыстарына дайындық жайын сұрады. Спорт саласына басшылық жасап отырған, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Тұманбаев жерлесіміздің Токио Олимпиадасына қатысуға толық мүмкіндігі бар екендігін айтты. Ол үшін алда Қазан қаласында өтетін әлемдік жарыста нәтижелі өнер көрсетуі керек.
Шымкент қаласының тағы бір дара балуаны, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцецектің де зор мүмкіндігі бар.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы