БАҒЫС АУЫЛЫ ШІЛДЕ АЙЫНДА ГАЗБЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов наурыз айында Бағыс елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар меншік пен жер телімдерін рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып мәселе көтерген болатын. Ауыл халқы жайылымдық және суармалы жерлердің жетіспеушілігі мен ауылға газ жеткізу мәселесін көтерді. Кездесу қорытындысымен, проблемалық мәселені шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен мүдделі органдардың басшыларына тапсырмалар берді.
ҚР Үкіметінің 17.05.2021 жылғы №326 қаулысымен Түркістан облысының шекарасы өзгертіліп, мемлекеттік шекара маңындағы Бағыс және Хиебон ауылдары 795,62 га жер аумақтарымен облыстың аумағына енгізілді. Ресми мәртебе беріліп, жылжымайтын мүлікке түгендеу жұмыстары аяқталды. Азаматтардың жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары басталды. Бағыс ауылы тұрғындарына қолайлы болу үшін мобильді ХҚКО ұйымдастырылды. Шілде айына дейін Бағыс елді мекені табиғи газбен толық қамтамасыз етілмек. Газ құбырларын тарту жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталған. Келесі жылы Бағыс ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынады.
Шекара маңындағы Бағыс ауылы Сарыағаш ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан. 2009 жылғы санақ бойынша, ауылда 1143 адам тұрған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі