БАҒЫТЫ ДҰРЫС ЕЛДІҢ БАҚЫТЫ БАР
Еліміздегі ең қымбат, ең жоғары, қасиетті мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні. Мерекелер бастауында осы күннің тұратыны да сондықтан. Сол Тәуелсіздіктің басы-қасында Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жалғыз Жаратқанның сүйген құлы болып жебеуімен, еңбегімен, жүрегінің жылылығы мен батылдығының, қазақы қасиетінің тектілігімен қазақ халқының бағына ата-бабаларымыздың арманы орындалды.
Тәуелсіздік бірлік пен берекенің, ынтымақтың, халқымыздың Отанына, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, бір-біріне деген ниетінің адалдығын айқындай түсті.
Тәуелсіздік пен мемлекеттілікті одан әрі нығайту, Қазақстан халқын рухани-мәдени топтастыру жолында еңбек етеміз. Мәңгілік ел болу жолында Тәуелсіздік мерекесін бүкіл ұлт болып, халық болып тойлауымыз, ат шаптырып, ас беріп, аламан бәйге мен көкпар беру бір жолға қойылып келеді. Бұның бәрі ұлттық құндылықтарымыздың бүкіл әлемді елең еткізген негізі – Ұлы дала ұрпақтарының ұлағатты әлемдік өнері. 100 жылда бір келіп тұрар Әміре Қашаубаевтың әлемді таңқалдырған дауысы кешегі Димаш бауырымызбен қайта әлемді мойындатып отыр. Бұл негізі тереңде жатқан елдіктің, бабаларымыз Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай Құнанбаев, тағы басқа сол сияқты әлемді мойындатқан тұлғаларымыздың жалғасы деп білеміз. Міне, сондықтан осындай қасиеті мен қадірі, салты мен дәстүрінің адамзат баласына болашақта дұрыс өмір сүруіне жол ашатын Қазақ халқының әлемге тұтқа болар қабілетінің қарымы ашылатынына сеніммен қараймыз. Бағыты дұрыс елдің бақыты бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болашаққа бағыт көрсетуін өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған, ел билігі әділ, азаматтары тең құқылы ел құру» деп айтқаны баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, «Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек» деуінде үлкен мән жатыр. Сондықтан шын жүрекжарды көңіліммен тарихта талай нәубетті көрген еліміздің арман-тілегін орындап, бір ізгі жолға қойған қазақ халқының тарихындағы дана әрі бірден-бір дара тұлға ретінде Тұңғыш Президентті құрметтеймін.
Айболат МАЙМАҚОВ,
ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу
орталығы кадр және тәрбие
жұмысы бөлімінің басшысы,
полиция полковнигі.