БӘЙДІБЕК: АУДАН ӘКІМІ БОРАЛДАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Боралдай ауылдық округінде 11 елді мекеннің тұрғындары өкілдерімен есепті кездесу өткізді.
Алдымен Боралдай өзенінің арнасын, «Боралдай дәрігерлік амбулаториясының жөндеу жұмыстарын, О.Тайманов елді мекенінде жүргізіліп жатқан көше жарықтары мен ішкі газ жүйелерінің құрылысын аралап көрді. Жауапты мекеме басшыларына, ауыл әкіміне жөндеу, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырып, мердігер мекемелерге жұмыстарды сапалы жүргізіп, аяқтау керектігін ескертті.
Нысандарды аралап болғаннан кейін аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов Боралдай ауылдық округінің орталығындағы «Қаратау» мәдениет үйінде округ тұрғындарына есеп берді. Жиында бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалуы, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен алдағы жоспарлар туралы баяндалды.
Есеп беру жиынында Жыланды елді мекенінің тұрғындары ішкі көшелерге көше жарықтарын орнату, тас төсеу, ауыл ішіндегі КТП-ны ауыстыру және 20 үйге ауыз су тарту мәселесін көтерді. Сарыбұлақ елді мекенінің тұрғыны табиғи газ беру және ауыз су мәселесін зерделеуді ұсынды. О.Тайманов елді мекені бойынша ауыз су мұнарасын реттеу және жарық мәселесін шешу қажеттігін айтса, Амансай елді мекенінің тұрғыны Түйетас, Амансай, Талап, Сарыбұлақ елді мекендеріне бөлек подстанция салу және Сайрам мен Бәйдібек аудандары аралығындағы облыстық маңызы бар жолды жөндеуден өткізу жөнінде өтініштерін жеткізді.
Аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов әрбір көтерілген мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігіне тоқталды.
Кездесуде көтерілген мәселелер мен қойылған сұрақтарға сала бойынша аудан әкімінің орынбасары мен бөлім, мекеме басшылары мен ауыл әкімі тарапынан жауаптар берілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі