БАЙЫРҚҰМҒА ГАЗ КЕЛІП, ЖАҢА СПОРТ ЗАЛ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жұмыс сапарымен Байырқұм ауылдық округінде барды. Шаһар басшысы ауыл жұртшылығымен кездесіп, қала көлемінде әр саладағы көрсеткіштеріне жеке-жеке тоқтала келіп, түйінді мәселелерді шешу жолдарын айтып өтті. Жиында округ әкімі Жолбарыс Мейірбековтің есебі де тыңдалды.
Былтыр Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендеріне магистральді газ құбырының құрылысы жүргізілген. Қазіргі таңда аталған елді мекендерге кварталішілік газ құбырларының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тиісті жұмыстар аяқталған соң ауыл жұртына көптен күткен табиғи газ беріледі.
Биыл Байырқұм елді мекеніндегі футбол алаңшасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Спорт демекші, былтыр округ орталығынан заманауи спорт зал салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке сұраныс берілген. Сәтін салса биыл іргетасы қаланып, құрылысы басталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында «Б-К-1» каналына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Байырқұм ауылдық округі бойынша биылғы жылы ортақ жайылым жер 3123 гектарға ұлғайтылды.
Өткен жылы округ бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге 16 өтінім ұсынылып, 9 азаматтың жобасы мақұлдау тауып, 40,8 млн. теңгесі қаржыландырылған. Қала әкімдігінің пәрменімен байырқұмдықтар биыл да аталған бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды.
«Өздеріңізге белгілі, қала әкімдігінің жүйелі жұмысы нәтижесінде байырқұмдықтар биыл да «Ауыл-аманаты» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Сіздерден бағдарламаға белсенді қатысып, кәсіп бастап, ауылды өркендетуге шақырамын,» — деді Гүлжан Мамытқызы.
Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар жайылым жер, каналдарды тазалау, тұрғынүй құжаттарын рәсімдеу сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмады. Әрқайсына жеке-жеке жауып беріп, бірқатар мәселені шешу бойынша бақылауға алды.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі