БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен өткен мәжіліске жергілікті баспасөз басылымдарының бас редакторлары мен телеарна басшылары, ақпараттық портал жетекшілері мен журналистер қатысты.
– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, 2020 жылдың 9 қарашасы күні алғашқы отырысы өткізілген болатын. Сол кеңесте Шымкент қаласының Денсаулық сақтау, Энергетика және коммуналдық шаруашылық, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының есептері тыңдалды. Бүгінгі Кеңестің күн тәртібіне сәйкес, «Shymkentаqparat.kz» деп аталатын жаңа ақпараттық порталды таныстырмақпыз. Бұл сайт тұрғындарға ресми ақпарат таратумен қатар, мегаполиске қатысты мазмұнды, тарихи-танымдық, сараптамалық мақалаларды ұсынбақ. Ресми ақпараттық қолдау – Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі, «Шымкент келбеті» газетінің редакциясы және Шымкент қаласының «Ақпараттық коммуникациялық орталығы» тарапынан болады, – деді Шыңғыс Мұқан.
Жиында Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Ақпараттық коммуникациялық орталығының» директоры Нұрбол Орымбай ақпараттық порталды іске қосудағы негізгі мақсаты туралы баяндап өтті.
– Жалпы Шымкент қаласында 40 шақты түрлі бағыттағы жергілікті сайт тіркелген. Олардың ішінде Шымкент қаласы әкімдігінің «shymkent.gov.kz» сайты да бар. Ол сайт тек ресми ақпарат таратумен шектелсе, «shymkentaqparat.kz» порталының шығармашылық аясы кең, аудиториясы үлкен. Осы ретте сайттың барлық әлеуметтік желіде парақшалары мен жеке «youtube» арнасы ашылды, – деді Нұрбол Орымбай.
Мәжілісте БАҚ саласының және қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатымен және «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Кеңес барысында қатысушылар ұсыныстарын айтып, өзара пікір алмасты. Отырысты қорытындылаған Шыңғыс Мұқан қатысушылардың көтерген мәселелері ескерілетінін жеткізді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: С. Қосай