«БАҚ»-ТЫҢ БАҒЫ ТАЙМАСЫН
Журналистер — билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. «Еңку-еңку жер шалмай», қалам мен қағаз қолға алмай, ыстық пенен суыққа елі үшін ұрынбай, жақсы бір сөзге жылынбай, «тілшінің» ісі бітер ме?!
«Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор», — деген екен Напалеон. Дәл айтқан. БАҚ тек ақпараттандырып қоймайды, сонымен қатар, сараптайды, насихаттайды, сауаттандырады, бұқараның базынасын тыңдайды, тиісті жерге жеткізеді. Сондықтан да, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп аталса керек.
Бала күнімізде қырық жыл ұстаздық етіп зейнеткерлікке шыққан атамыздың том-том боп қатталған, парақтары сарғыш тартқан газеттерінен іздегенімізді табатынбыз. Өзіміз де көргенімізден өнеге алып, апта сайын келетін «Ұланның» бір нөмірін жоғалтпай тігіндіге қостық.
Қазір қалаймыз? Әлемнің бәрі әлеуметтік желіде. Жаңалық көру үшін қолымыздағы алақандай дүниеге үңілеміз. Бірден жылт етіп жұлдыздардың өмірі көлбеңдейді. Отының басы, ошағының қасындағы жеке басына қатысты дүниені жарты әлемге таратып шуылдасқан жазбалардан көз сүрінеді. Немесе айқайлап аспандаған тақырыптар. Ішіне үңілсең, шөмішіңе сылдыр су мен арзымас арзан сөз ілігеді. Қарның ашып шығасың. «Қап-ай, ә» деп күрсінесің еріксіз. Осындайда М.Задорновтың «Бізге тәуелсіз БАҚ керек, бірақ ар мен ұяттан тәуелсіз БАҚ емес» дегені еске түседі.
Қайнар Олжай ағамыздың бір сұхбатта «Қазіргі ақпарат құралдарындағы журналистика пресс-релиз деңгейінде деп білеміз. Демек, сол пресс-релизді дайындаған кеңсе қызметкері мен оны көшіріп басқан газет қызметкерінің арасындағы кәсіби деңгейде еш айырмашылық жоқ» деген пікіріне де амалсыз бас шұлғимыз.
Төртінші билік өкілі деп төрге оздырар еді. Бір кезде… Ал, қазір, мекемелерге жіберген сауал жауапсыз қалып, газетте айтылған сынға салғырт қарайтын күйге түстік. Бұл, бәлкім, журналистердің кәсіби деңгейін көтеру жұмыстарының кемшіндігінен болар. Арнайы статус беріп, мемлекеттік тұрғыда мүддесі қорғалмағандығы ма екен?! Қалай десек те, біз «Сөз қадірін өз қадірімізден» кем көрмейік, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» қымбатты қаламдастар!
Нұрила ШЫНӘДІЛ