БАЛА САУАТТЫЛЫҒЫ – БОЛАШАҚТЫҢ БАСТЫ ҚАЗЫНАСЫ

Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» Жолдауындағы мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерге қатысты нақты тапсырмалары бақшада жүргізілетін тәрбие жұмыстарына да оң әсерін тигізді.Елбасы қамқорлығының арқасында мектепке дейінгі тәрбие жүйесін қалыптастыра алғанымызға көз жеткізе түсеміз. Себебі, жас ұрпақтың бүгіні мен болашағы балабақшада олармен кімнің жұмыс істегеніне байланысты. Бүгінде дәл мектепке дейінгі ұйымдағы педагогтар балалардың дамуына, олардың ары қарайғы мектепте озат оқуына, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жол салады. 

Осыдан бірнеше уақыт бұрын мен «Ерте сауаттылықты дамытудағы сыни ойлаушы педагогтің ролі» тақырыбында өткен семинарға қатыстым. Бұған дейін мен үшін кедергілерді жою үшін,балаларды мұқият зерттеу аса қажет емес сияқты көрінетін. Алайда балаларды зерттеу мен бақылау арқылы түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып,балалардың ойлау,есте сақтау,ынта,қызығушылық сезімін ояту нәтижелерін көруге болатынын байқадым. Бала зейінінің дамуына тікелей ықпал ететін мұндай таптырмас әдіс-тәсілдерді атап өтсем: сурет бойынша әңгімелеу, санауды қолдану, ертегілерді оқып беру, ертегілерді ролге бөліп сахналату,ертегі айтқызу және басқалар.
Осылардың ішінде мен сахналауға ерекше тоқталып, «Театрландырылған ойынның бала тәрбиесіндегі маңызы» тақырыбында балалармен шығармашылық жұмыс жасадым. Аталмыш тәжірибеде Саусақ театры әдісінде «Шалқан» ертегісі,  Конус театры — «Қарлығаш» пен дәуіт ертегісі, Атрибуттар — «Мақтақыз бен мысық» ертегісі кейіпкерлері, Суреттер  — Ханның қызы, Көлеңкелі театр — «Қызыл телпек»,  Үстел үсті театры — «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Жыл басына таласқан жануарлар» , «Шалқан» ертегілері желісімен жүзеге асты. Мұндағы әр кейіпкердің рөліне еніп көру балалардың психологиялық ерекшеліктерін дамытып ғана қоймай, физикалық моторикаларына да пайдасын тигізді дей аламын.  
     Ал, 2020 жылдың қыркүйек айында 4 жастағы балаларды қабылдап, ұйымдастырылған оқу қызметі арқылы жұмыс бастадым. Бастапқы кезде, балалар анық сөйлей алмайтын. Жыл мезгілдерін, ай аттарын, апта күндерін қайталаумен болатынмын. Тез ұмытып кететін. Аз уақыт болса да, біз білетін оңай сұрақтар болса да сабақ барысы ауыр, қиын аяқталатын.
Педагогикалық біліктілігіме сүйене отырып, 1-модель жүйесі бойынша «әуенді жолмен» апта күндерін үйреттім. Балалар сондай көтеріңкі көңіл-күймен апта күндерін әуендетіп орындады.  Сабақ жүргізу барысы бұдан былай маған да жеңіл сезінді. Кейін өздері әуендетіп айтып,қайталап жүріп, апта күндерін естеріне сақтап алды.
     Ал 2-модель жүйесінде балаларға ертегі айтып беріп, рөлге бөліп сахналауға қатыстырдым. Ертегіні өзідігінен емес, менің сөзімді қайталау арқылы орындайтын. Мәселен Рахманбек деген балаға «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісін айтып беріп тұрсам да, сөзімді қайталамайтын. Сонда тым болмаса кейіпкерлерді көрсетіп тұршы дейтінмін. Осы әдіс арқылы ол ертегіні біраз күннен кейін толық, ешкімнің көмегінсіз айта алатын болды.
Топта тек Бексұлтан деген бала ғана  «Мақта қыз бен мысық» ертегісін толық нұсқада анық айтып беретін. Маған ертегіні үйде әкем үйретті деді. Мен ата-аналарға Бексұлтанның айтқан ертегісін желі арқылы жібердім. Оларға: «балаларға ертегі оқып,айтып беріңіздер,артынша қайталап сұраңыздар» деген ұсыныс жасадым.Ертегі балалардың ой-өрісін,сөздік қорларын,ойлау қабілетін дамытады дегенді айттым.Ата-аналар бұл ұсынысқа келісті.
  Дегенмен заман талабына сай қазіргі ата-аналар ұзақ уақыттарын жұмысқа арнайды. Шын мәнінде балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Олардан «қолымыз тимейді» деген сөзді жиі есту үйреншікті жағдай.  Сондықтан барлық тапсырманы ата-аналарға артпай,өзімде жұмысымды жалғастыра бердім. Осылайша диалог түрінде ертегілер жалғасын таба берді. Нәтижесінде  анық сөйлей алмайтын Мейіржан және Рахманбек,Севилья логопед пән мұғалімдерімен жұмыс жүргізу  барысында ертегілерді соңына дейін айтып бере алды. Басқа балалар да ертегілерді кейіпкерлерге қарап айта алатын болды. Егер бір бала сәл мүдіріп қалса,тыңдап отырған достары есіне түсіріп көмектесті. Ойларын еркін айтып, жеткізуге толық дағдыланды. Балаларды зерттеуде, олардың ертегілерді өздігінен ролге бөліп сахналай алатынын,ертегілерді толық нұсқада басынан аяғына дейін айта алатынын, бұрынғы мен кейінгі іс-әрекеттерін салыстыру арқылы нәтижеге жететінін байқаймыз. Бұл — зерттеуден өзгеріске жеткізген іс-әрекеттің жетістігі.
Балалардың ертегіні мүдірмей айта алатынын көрген басқа тәрбиеші әріптестерім, ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді. Бұл баланы жалықтырмай, қызығушылығын таба білудің жемісі деген баға берді.  
Сондықтан, құрметті ата-аналар және жас мамандар, ұстаздар қауымы! Балаларды жеке дара зерттей отырып,ойын түрінен оқу түріне жеткізу барысында аянбай ізденейік дегім келеді. Балалар — біздің жарқын болашағымыз! Сауатты бала — болашағымыздың басты қазынасы.
 

Майра РАХЫМБАЕВА,
Ұлттық сауаттылық қауымдастығының мүшесі,
педагог-психолог.