БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН САЛЫНҒАН ҚАЛАШЫҚ

Адам өмірі ең қымбат дүние екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан Республикасының Конститутциясының 1-бабында «…оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» екені жазылған. Ендеше адам үшін де, мемлекет үшін де ең бағалы болған адам өмірін сақтау, оған құрметпен қарау қоғамдағы әр азаматтың міндеті.

Таңертең баласы сабаққа кеткен ата-ана кешке олардың үйге аман-есен оралуын, тосын жағдайға ұшырап қалмауын ойлап уайымдайды. Өміріне алаңдайды. Бүгінде әр үйде кемінде бір автокөлік, кей отбасыларда әр адамда жеке көлік бары жасырын емес. Автокөліктер көбейген сайын жол апаты мен тосын жағдайлар көбейетіні белгілі. Бұл өз кезегінде мектеп оқушыларына да қауіп төндіретіні анық.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің хабары бойынша, жол апатынан биылғы 2020 жылдың желтоқсан айына дейінгі 11 айдағы статистика бойынша 1754 адам қаза тапты, 15439 адам жараланды. Соның ішінде кәмелет жасына толмағандар саны — 2111. Бұл статистикадан кейін кім де болса сақтықты мақсат етеді.

Әрине кез келген ата-ана, мектеп мұғалімдері балаларға барынша жол ережесін үйретіп, тәртіппен жүру керектігін айтып отырады. Дегенмен теориялық білім мен практикалық білімнің арасы жер мен көктей. Мектеп балаларға білім берумен қатар саналы тәрбие беретін жер. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген аталы сөзін ұдайы назарда ұстаймыз. Балаларымызға білімнен бұрын өмірдің сан жолында қажетті дұрыс тәрбиені беруге маңыз береміз. Біз үшін тәрбие мен білім егіз ұғым. Жоғарыдағы статистикада көрсетілген жағдайға алаңдап, оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол белгілерімен, жолда жүру ережелерімен таныстыру мақсатында  Шымкент қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектебі «Жол ережесін үйрету қалашығын» салған болатын. Жаңаталап Бастауыш Партия Ұйымының төрағасы Қозыбахов Шыңғыс Лесбайұлы және мектебіміздің қамқоршылық кеңесі мүшелерінің демеушілігімен салынған бұл қалашықта мектеп оқушыларына жол жүру ережесін практика жүзінде үйретіп, көзбен көрсетуді жоспарлағанбыз. Қалашықтың  балалар үшін көшеде жүру тәртібі мен қауіпсіздік ережесін ұғынып алуына пайдасы орасан зор. Балалар ережені біліп қана қоймай, көшеде жүру тәртібін орындамау транспорттың жүріп-тұруына кедергі келтіретінін, жұмысшылар жұмысқа, оқушылар сабаққа, басқа да баратын жерлеріне дер кезінде жетпеуі мүмкін екендігін түсіндіреміз. Көшеден өту үшін арнайы белгіленген жермен жүрген дұрыс екендігін, сонымен қатар егер бар болса, жер асты жолын пайдаланған жөн. Осы қалашықта білім алған оқушы мектепке келе жатқанда өздеріне қауіпсіз болатын жолды таңдай білетін болады. Өткел тар болса, қарсы кездескен үлкен кісіге жол беру керектігін де бойларына сіңдіреді. Бұл жобаның тәрбиелік мәні қаншалықты жоғары екенін одан алынатын нәтижеге қарап көруге болады.

2019 жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілген «Жол ережесін үйрету қалашығында» 14 жол белгілері, 4 бағдаршам, 8 жолдан өту жолақшалары, жаяу жүргіншілер жолы, веложол, көлік жолдары, темір жол макеті бар.

Балалар бұл белгілер арқылы қала көшелерінде жол ережелерін сақтап, өздері еркін және қауіпсіз сезінетін болады. Айта кету керек, бұл жоба Қазақстан бойынша ең алғаш біздің мектепте іске асып отыр. Сол себепті де бұл қалашық біздің мектебіміздің мақтанышы. Алдағы уақытта бұл қалашықта білім алып, тәжірибе жинаған әр оқушымыз жолда жүру ережесін толық біліп, үйреніп, жол апатына ұшырамайды деп сенеміз. Пандемияның кесірінен жарияланған карантин әлі қаншаға созылары белгісіз. Дегенмен, бастаған ісімізді тоқтатпай, барынша жемісті еңбек етуге тырысамыз. Болашақта біздің жобамыз Қазақстанның әрбір мектебінде іске асады деп ойлаймыз. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық!

Пернебеков Нуржан Алимханович,

Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта білім беретін мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.