БАЛАҢЫЗ БАҚЫТТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ

Баламызды қалай дұрыс тәрбиелейміз? Жазалаған дұрыс па, бұрыс па? Жас ата-аналардың басым көпшілігін мазалайтын сұрақтар.

Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. … бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», — деп айтып кеткен. Біздің дана халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін жай іс деп қарамай, елдің ертеңін, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырмыз деп есептеген. Бала күнінен жеті атасын жаттатып, шежіреден аңыз қылып әңгіме құрап айтқан. Ақсақалдар, елдің жақсылары бас қосатын жиынға жанынан қалдырмай ерте барған. Есіктің аузында, әкесінің тізесінде ойнап отырған баланың ақ парақтай санасына салиқалы сұқбаттар жазылып қалатынын білген. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» деп, Құлагерді құлын күнінен таныған сыншыдай балаларының арасындағы ерекше көшбасшыларын біліп, болашағына үмітпен қарап отырған. Жаман мінез-құлықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға – қырық үйден тыйым» салған. Бұл және де біздің қазақ ұлтында бала тәрбиесінің бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, тәрбие деген бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді.

Ал, бізде қалай?  Баламызды киім-кешек, керек-жарақпен қамтып қойдық, ішкені алдында, ішпегені артында, қалауының барлығын қанағаттандырдық десек оңбай қателескеніміз. Балаңыздың Кісілік қасиетін, Адамдық болмысын қалыптастыруды алғашқы орындағы міндет деп біліңіз. Үйге қонақ келсе алдынан шығып амандасу, киімін алу, дастархан басында бірге отыру, оны-мұны заттарды апарысып, қызмет көрсетуге үйретіңіз.

Ұлын ұқыпты, қызын қылықты етіп өсіргісі келген ата-ана ең әуелі балаларын еңбекке баулуға, қалаған ісін үйретуге, түсінбеген мәселелерін ұқтыруға тиісті. Ол үлкен төзімділікті талап етеді. Еңбекке баулу балалардың жас шағынан басталатын болғандықтан үйдегі бір жұмыста көмектесуге ниет танытса, қолынан қақпаңыз, тиым салмаңыз. Күн тәртібінің кестесі болса, тіпті, керемет. Бұл баланы жауапкершілік пен тәртіпке үйретеді, жақсы тынығуына жәрдемдеседі.

Кітап оқуға әдеттендіріңіз. Расында, кітап оқып көкжиегі кеңейген, таным-таразысы жетілген, арыдан ойлап, ақылмен шешетін текті ұрпақ тамырын тереңнен тартқан жас шыбық тәрізді. Өскініңіздің өміріне оң әсерін тигізер ең сапалы дүние – кітап оқуға деген махаббатын оятыңыз. Ол үшін өзіңіз де қолыңыз қалт еткенде смартфонға шұқшимай, кітапқа үңіліңіз. Шай үстінде кітапта оқыған қызықты оқиғалардан үзінді айтып беріңіз. Міне, солай бірте-бірте перзентіңізді кітаппен достастырып жібересіз.

Ауылымызда ғұмырының басым бөлігін қойшылыққа арнаған қария бар еді. Сол кісі өзінің кішкентай шаштары желпілдеп жүгіріп жүрген қыздарына да «сіз» дейтінін естігенде таңырқап қалғаным рас. Жөн екен. Қазір түрлі эксперимент жасап, қайтсек баланы «тұлға» қылып қалыптастырмыз деп дабыл қағып жүрміз ғой. Міне, осы әдістен-ақ бастайық, балаңызға бір күн күні бойы «сіз» деп қатынас жасап көріңізші. Өзінің ата-анасы үшін бағалы, пікірі маңызды адам екенін сезініп, байсалдырақ болып, бір ерекше еркіндік пайда болады.  Қорықпаңыз, сізге деген сыйластығы артпаса кемімейді. БАЛАЛАР БАҚЫТТЫ БОЛСЫН! ОЛАР ТЕК БАҚЫТҚА ЛАЙЫҚ.

Нұрила Шынәділова.