БАЛАҢЫЗ ҚАЙСАР БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ «БІРТУАРДЫ» ОҚЫҢЫЗ

Кейде ақылшыңнан да, сырласыңнан да, досыңнан да артық болатын жақсы кітаптар бар. Оқып отырып ойланасың, көп мініңді қолға аласың. Таяуда менің қолыма адамды қайсарлыққа, табандылыққа тәрбиелейтін сондай құнды еңбек түсті.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазшы Сәуле Досжанованың «Біртуар» кітабы. Жанры – деректі роман. Бұл еңбек қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолына арналады. Кітап Алматы облыстық әкімдігінің қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан. Бес тарауға бөлінген кітапта балуанның шыр етіп «табалдырыққа түскен» сәтінен алтыннан алқа тағып Олимп шыңын бағындырғанға дейінгі елеулі сәттер суреттелген.

«Тер иісі аңқыған жаттықтыру залдарында қара тырнағынан әл кеткенше, қара терге малшынып жаттығып, үлкен жеңістерге еңбектегендей болып бара жатты. Бір емес, екі емес, бақандай он бес жыл бір салмақта, оның үстіне аса жеңіл салмақта өнер көрсетудің ауыртпалығын Жақсылықтың өзі ғана біледі». Еркін күрестегі жеңістері есепке алынбай жігері құм болған кездерде сағы сынбайды. Ақыры табанды тарланбоз грек рим күресіне ауысады. Осы сәттен жұлдызды жолы басталды.«Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіров спорттағы карьерасын аяқтады. Сол салтанатты жиналыста жастарға қаратып айтқаны:

  • Жастардың көбі: «бай болсам, бәрі болса екен» дейді. Астында аты, үстінде шапаны дегендей. Соның бәрі бола берсе екен дейді. Жоқ, Алла Тағала бәрін бере бермейді! Жас кезде сенімін ақтай отырып, еңбекпен үлкен шыңға шығу керек. Әрі қарай халық өзі көтереді бәрін. Байлық та келеді. Бақ та келеді. Абырой мен атақ та келеді. Біз халықтың ішіндеміз. Халық өзі мәпелейді. Өзі көтереді. Өзі бағалайды», — дейді.

Тәуелсіз елдің жастары «Кімді үлгі тұтамыз?», «Кімге еліктейміз?» десе, алдыңғы толқын жеңісті сәттерін аңызға айналдырған батырымыз Жақсылық Үшкемпіровті ұсынған болар едік. Себебі, Жақсылық ағамыз – туған халқын жанындай сүйген, елі үшін маңдай терін аямай суығына тоңып, ыстығына күйген абзал азамат.

Ұрпағыңыздың бойынан үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын, бауырға қамқор, досқа адалдық көрсететін ізгі қасиеттерді көргіңіз келсе «Біртуарды» оқыңыз.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА