Баласы жемқор адам Мәжіліске лайық па?
Бұл тақырыпты бұған дейін қозғамай келуіміздің өз себебі бар. Өйткені атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісіне соңғы нүкте қойылмаған еді. Кеше сот үкімі жария болды, «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ топ-менеджерлері түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айрылды. Оның ішінде Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлы – Аслан Жақыпов та бар. Демек депутаттың баласының арам ақшаға қызығып, ардан аттағаны толығымен дәлелденді деген сөз. Ендеше ондай баланы тәрбиелеген әкенің Мәжілісте шалқайып отыруы қаншалықты қисынды?
Әдетте депутаттар өздерін «халық қалаулысы» деп атағанды ұнатады. Бәлкім өздерін іштей солай сезінуі де мүмкін. Бірақ қандай кісінің депутат бола алатыны, мәжіліске кімдердің баратыны былайғы жұртқа аса құпия емес. Алайда соның өзінде, халықтың есебінен қомақты жалақы алып, Мәжілісте қонжиып отырғаннан кейін әр депутат көпке үлгі болатындай деңгейден төмендемеуі керек қой, жұрт үшін от пен суға түсіп жатпаса да.
Оның үстіне Қабиболла Жақыпов екі депутаттың бірі емес. Мәжіліс тарихына енген санаулы төрағаның санатындағы кісі. Кезінде Мәжіліске бас-көз болып жүргенінде үкіметтің екі аяғын бір етікке тықпаса да, шенділердің кетеуі кеткен тірлігін анда-санда сынап тұратын. Онысы төраға ретінде өзіне жарасушы еді. Бүгінгі күні де сондай мінез танытам десе, құқы бар. Өйткені – депутат.
Бірақ ендігі жерде Қабиболла Жақыповтың «қаһарына мінетініне» күмән көп. Өйткені өз баласы аранын тия алмай, сотталып жатқан депутаттың өзгеге бірдеме айтатындай жөні бар ма? Егер айтатын жерде айтып, дейтін жерде демесе, ондай адам Мәжіліске не үшін керек? Мынадай жағдайдан кейін «халық қалаулысы» болып жүрген кісі халықтың бетіне қарай ала ма?
Рас, Аслан Жақыповтың жазасы өзге жемқорлардан жеңілдеу. Мәселен Қ.Бишімбаев 10 жылға сотталды. Судья кезінде өз кінәсін мойындап, бұрынғы бастығына қарсы куәлік еткенін ескерді ме, әлде өзге себептері болды ма, әйтеуір А.Жақыповты 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Былай қарасаңыз, тауық ұрлаған адамның өзі 3-4 жылға сотталып жатқанда, 2,5 жыл дегеніңіз түк те емес. Әйтседе бұл елге белгілі депутатты «жемқордың әкесі» деген аттан құтқара алмайды ғой.
Бір қызығы, интернетке үңілсеңіз, Қабиболла Жақыпов туралы деректер тек 2015 жылдан ары қарай ғана «сөйлейді». Одан бергі уақытта бұл кісінің не істеп, не қойғаны БАҚ назарына ілікпеген. Іліккені – кіші Жақыповтың ісімен байланысты тұстары ғана. Парламенттен кетіп тынды ма дейін десек, алтыншы сайланымдағы Мәжіліс депутаттарының тізімінде әлі жүр. Соған қарағанда, үлкен Жақыпов үйренген жерінде «басбұғып» жатқанға ұқсайды.
Әрине, Қабекеңді де түсінуге болады. Ілгеріде бір емес, екі бірдей ұлының есімі «Панама құжаттары» базасынан жылтың етіп көрінген. Сонда жұрт ойша болса да, Жақыповтарды еліміздегі ең дәулетті отбасылардың қатарына қосып қойған еді. Әнеки, сол баланың бірі басқа жер таппай қалғандай, «Нұрлы жолдың» қаржысына ауыз салам деп тұтылып отыр. Әрі әкенің де абыройына өшпестей етіп дақ түсірді. Бұл оңай ма? Әрине, ауыр.
Бірақ «А кому час легко?» деп орыс ағайындар айтпақшы, қазір кімге жеңіл боп жатыр дейсіз?! Іштен шыққан шұбар жыланның «басына ақ тамызып», тура жолға сала алмаған адамның халыққа қалаулы болып Мәжілісте отырғаны қарашаға жеңіл деп, кәне, қайсысыңыз айта аласыз?!