БАЯН ӘБІЛҚАЙЫР: «БӘЛКІМ ШЕТЕЛДЕ БАҒАЛАНАТЫН ШЫҒАРМЫН»
Баян өз әлемі бар, бұйығы жүретін бойжеткен. «Досым да, жан сырымды ақтаратын сырласым да сурет өнері» дейді. Оның ішінде графикалық портрет салудың шебері. Жас таланттың айтуынша, қаламынан туған әр кейіпкердің көзінде, болмысында өзінің ішкі көңіл-күйі мен табиғаты жасырынып жатады…
— Баян, сенің бірқатар суреттеріңмен әріптесіңнің парақшасы арқылы таныстық. Көпшілік оқырман сенің талантына тәнті болды. Басқа туындыларынды да көруге қызығып едік, еш жерде жарияламаған екенсің. Өзіңді, өнеріңді жасырын ұстауыңның себебі бар ма?
— Иә, мен әлеуметтік желіде оқырман жинап, портреттерімді бөлісе бермеймін. Ең алдымен суретті өзім үшін саламын. Әдетте адамдар ішкі сезімдерін бөлісу үшін дос, жақын адамын іздесе, мен бірден қағаз бен қалам жаққа қарайлаймын. Екіншіден, кәсіби суретшілік білімім жоқ. Өзімді ашық көрсетпеуіме бұл да үлкен кедергі боп тұр. Басқалар сынайды ма деп батылым бармайды.
— Неге Түркияны таңдадың?
— Ең алғашқы суреттерімді 4 курсымда сала бастадым. Нағыз дипломдық жұмыс жазып, оқуды абыроймен бітірейін дейтін уақыт. Ал мен түске дейін сабақта болып, түстен кейін кітапханада отырып сурет саламын. Өзімді жауапсыз сезініп, кінәлі санасам да, іштегі бір күш қағаз бен қаламға тартатын да тұратын.
Кітапханада өз қиялыммен отырған күндердің бірінде түрік ұстазымыз менің өнеріме ерекше назар аударды. Өмірімді бірінші рет сол кісіден сурет өнеріне қатысты оң көзқарас пен кәсіби кеңестерді естідім. Қаншама адамдардың арасынан өнерімді қолдаған өзге ұлт азаматы әсер етті ме, шетелге кету туралы ой сол кезде оралды. Түркия мен біздің Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің арасында тығыз байланыс болғандықтан осы мемлекетті таңдадым. Бәлкім, шетелге кетсем бағаланар едім деген ой әлі де маза бермейді.
— Ендігі мақсаттар мен ұмтылыстар туралы не айтасың?
— Мен журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Асыл арнада» жұмыс жасаймын немесе Түркияда магистратура бітіріп, оқу орнында сабақ беремін деп ойлағанмын. Бірақ төртінші курста, суретке бет бұрған соң ойым өзгерді. Сөйтіп өзімнің өнерімді қолдаушыларды іздей бастадым. Бар ойым суретке ауды. Біржола осы жолға түсссем деген ойға бекідім. Бірақ карантин, басқа да себептер болып бәрі жарты жолда қалып тұр. Дәл қазіргі сәтті Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіндемін. Нанымды журналистикадан тауып жүрмін. Өз мамандығыма деген құрметім ерекше. Десе де, іште орындалмаған армандар аласұрады. Түсімде үнемі үлкен көрме өткізіп жатқанымды көремін.
— Сенің өнерінді бағалаушылар мен табалаушыларға айтарың бар ма?
— Жақсы сөз айта алмасаң үндеме! Алдында тұрған адамды түсінбей жатып анализ жасауға асықпа! Бұл тек сурет өнеріне ғана қатысты емес, барлық салада кездесетін жағдай. Бір өкініштісі, жаңашылдықты қабылдай алмай жатқан буын біздің ересектер. Әрине, олар бала кезінде көп психологиялық травмалар алып, мүлде өзгеше көзқараспен өсті. Енді санадағы сол кері әсерлер жаңалықты қабылдатпайды. Мен оның бәрін түсінемін. Түсінемін де неге мен жарты жолдан тоқтауым керек! — деп алға жылжи беремін.
Өнерімді бағалаушыларға үлкен жүрекпен алғыс айтамын! Өнер адамына керегі тек қолдау ғана екенін ұмытпайықшы.
— Баян, жан сырыңды ақтарғанына рақмет! Сен талантсың! Тек алға жылжи бер!
Сұхбаттасқан
Аяулым ТАСТАНБЕК.