БАРША ҰЛТТЫҢ ТАМЫРЫНА БОЙЛАҒАН ҚАЗАҚ ТІЛІ
Қазақ тілі — қазақ халқының ең құнды қазынасы. Ұлт ретінде қайта өркен жайып, діңгегімізден ажыратпаған бірден-бір мұрамыз — бұл туған тіліміз. Егер ана сүтінен дарыған текті тіліміз болмағанда жауһар дәстүрлеріміз, бай ауызекі әдебиетіміз, астарлы айтыс өнері, ерлікке толы тарихымыз ұрпақтан ұрпаққа жетпес еді. «Тіл байлығы, тіл тазалығы- ұлт қасиетінің салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі» деп, Бауыржан Момышұлы айтып өткендей, Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде.
Елбасының «жас ұрпақты бәсекелестікке дайындаудың бірден бір жолы үш тілде білім және тәрбиелеу болып табылады» деген сөзі жастардың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып келеді. Сөз жоқ, үш тілді қатар меңгеру арқылы бүгінгі білімді жастар Абайды, Пушкинді және Шекспирді түпнұсқадан бір мезгілде оқи алатын дәрежеге жетті. Алайда ғылым жолында шет ел асып жатқан жастар өз төл тілінің тамырынан ажырап қалмауы аса маңызды. Қайда барса да қазақпын деп кеуде керіп, ұялмай өз тілінде сөйлеуі тиіс. Бұл ұстанымды ұрпақ бойына сіңіру білім ошақтары мен басқа да тәрбие орындарынан бастау алады.
Дәл осы мақсатта, қазақ тілінің қадір-қасиетін арттыру бастамасымен Төлеби ауданы, «Тау самалы» оқу-сауықтыру лагерінде «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» тақырыбында лингвистикалық турнирі апталығын өткізді. Оқу жылының алғашқы ауысымымен тұспа-тұс келген мерекелік аптаға ұстаздар мен оқушылар белсене атсалысты. Тақырыпқа сай «Өзге тілдің бәрін біл» топ визиткасын қорғау кеші, «Өлең — сөздің патшасы» көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы, «Лингвист» көңілді ринг зияткерлік сайысы, » Жыр алыбы» кітапхана және жас тілшілер шеберханасы іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталмыш шаралардың бәрі де шәкірттердің бойындағы сыни ойлау, зияткерлік қабілет, топпен жұмыс істеу дағдыларын аттырып, тіл мамандықтарына деген қызығушылықтарын еселей түсті. Шәкірттер бүгінгі қоғамда ағылшын мен орыс тілінің маңыздылығын түсіне отырып, ана тілінің орны ерекше екеніне тағы да көз жеткізді. Көп тіл білу дегеніміз өзге елге саяхаттау ғана емес, керісінше өз отанын жаһанға таныту мүмкіндігі екенін түйсінді. Мазмұнды апталық қыркүйектің жиырма екісіне дейін жалғасты.
Соңғы бес жылда зерттелген статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны 16 197 000-ға жетіп, дүниежүзіндегі ең ірі 40 тілдің қатарына еніп отыр. Оның ішінде біздің тілімізде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің саны 1,8 миллионды құрайды екен. Атап айтқанда түрік, өзбек, қарақалпақ, әзірбайжан, қырғыз, татар, орыс, кәріс, ұйғыр т.б. Тәуелсіздік алған тұстағы ауыр да қиын кезеңдерге қарамастан біздің мемлекетіміз өзге диаспора өкілдерін өз еліне қудаламады. Керісінше, біртұтас ұлт болуға шақырып, бір-бірінің құндылықтарына құрметпен қарау саясатын ұстанды. Осының арқасында елімізде бейбітшілік салтанат құрып, зияткер ұлт ретінде оза шаптық. Нәтижесінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылып, еліміздің болашақ жетістіктеріне жол ашты. Содан бері елімізде ешқашан да өзге тілдер мен ұлттарды шеттетуге жол берілген жоқ. Бір шаңырақ астында тұрып жатқан ұлыстар мен ұлттар қазақ тілін үйренуге қызығушылық білдіріп, қазақша ән айтып жатқанда марқайып қалатынымыз да жасырын емес. Қазақстандағы тыныш та бейбіт өмірдің сақталуына тіл саясатының жүргізген ықпалы өте орасан. Ендігі жерде бұл ортақ қазынамызды ғасырлар құшағына аман-есен жеткізу біздің басты парызымыз.