БАС ҚАЛА — БАҚОРДА

Астана арқылы біз жаңа Қазақстанды жер-жаһанға таныттық. Астана құрылысы бұл кезеңде бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең ауқымды мегажобаға айналып, еліміздің әлеуетін әлемге әйгіледі. Бүгінде Астана – Қазақстанның жаңа тарихының жүрегі. Астананы мысалға ала отырып, тұтас мемлекетіміздің даму барысын бажайлауға болады. ХХІ ғасырда Астана Орталық Азияның саяси өмірінде маңызды орын алатын қалаға айналды, оның аймақтағы процестерге әсер-ықпалы барған сайын күшейе түсуде.2010 жылдың 1–2 желтоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитінде, сол кезде осы ұйымның төрағасы міндетін атқарған мемлекетіміз Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа орай маңызды бастамалар көтеріп, кейін сол жаңа саясаттың белсенді жақтаушысына айналды. Елбасы сол кезде саммитте сөйлеген сөзінде «Бүгін Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың үнқатысуы басталды, – дей келе, – алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыру – өз қолымызда. Біздің саммиттің тарихи маңызы мен атқарар жүгі де осында деп білемін» деп сөзін түйіндеген еді. Қазақстанның жаңа елордасы – Астана тек алға ұмтылуды көздейтін мемлекет туралы идеяны айшықтай түседі, бірегей қазақстандық жолды сипаттайды, Қазақстанның болашаққа ұмтылысын бейнелейді. Астана Шығыс пен Батыстың ұлы рухани құндылықтарын бойына сіңірген асқақ мәдениеттің ордасы. Біз Қазақстанды армандар ақиқатқа айналатын ел еттік.