Бас прокуратура: 7 жастағы балаға қатысты іс арнайы прокурорға тапсырылды

Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша арнайы прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кішкентай тұрғынына қатысты зорлық әрекеттері туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өз өндірісіне қабылдады, деп хабарлайды Qamshy.kzақпарат агенттігі ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын сақтау және орын алған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Процестің барлық қатысушыларының өтінішхаттары негізінде кешенді сот-медициналық сараптамаға кәсіби мамандар жұмылдырылатын болады. 

Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Істің фигуранттары жасөспірім болғандықтан, Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құпиялылыққа деген құқықтарын сақтау қажеттігін ескертеміз», — делінген ведомство хабарламасында. 

Жеке өмір туралы мәліметтерді көпшілік алдында, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын қолдану арқылы жария еткен үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Тергеу нәтижесі туралы ақпарат жасөспірімдердің құқығы мен заңды мүдделерін ескере келе, қоғам назарына тиісті көлемде жеткізіледі.

«Қамшы» сілтейді