БАС ЖҮЛДЕ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ БАЛУАНЫ АЙДАРБЕК ТОҚТАРБЕКТЕ
Отырар ауданының орталығы Шəуілдірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен республикалық жарысқа іріктеу турнирі өтті. Облыстық жарысқа 21 талантты балуан қатыстып, өзара бақ сынасты.
Боз кілемге белдесуге шыққан ең талантты түркістандық балуандар бұл іріктеу сайысына аса жоғары дайындықпен келіпті. Биыл елдегі эпидемологиялық жағдайға байланысты жарыста карантиндік қатаң шаралар сақталуда. Белдесуде өзінің талантымен көзге түскен түркістандық балуан Айдарбек Тоқтарбек бас жүлдеге ие болды. Енді ол биылғы «Қазақстан Барысы» республикалық жарысына жолдама алып, облыс намысын қорғайтын болады.
Бұл облыстық іріктеу турнирінде күміс жүлдегер атанған мақтааралдық Əліби Жұмаділлаев та шеберлігін көрсетсе, қола жүлде Ордабасы ауданының үміті Бөлен Еркінбекке бұйырды. Жеңімпаздарды Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев марапаттап, республикалық жарыста бақ сынайтын жерлесімізге сəттілік тіледі. Жарыстың бас төрешісі Самат Арғынбаев биыл қазақ күресінен облыстық іріктеу жарысының ерекше болып өткенін айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Елбасымыздың жүлдесіне арналған биылғы жарысқа шын талантты балуан қатыстырылуы қажет. Еске сала кетсек, республикалық турнир 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп жоспарлануда.