«БАСПАНА — ӘРБІР ОТБАСЫНА»

Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының бірі – «Әрбір отба­сына баспана алудың жаңа мүм­кіндіктерін беру» міндетін орындау шеңберінде қазақ жерінде дәл осы тұрғын үймен қамту бойынша түрлі бағдарламалар қабылдануда. «7-20-25», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» сияқты бағдарламалар арқылы мыңдаған қазақстандықтар өз баспаналарына ие болды.

Қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Дегенмен, мемлекет тұрғын үй құрылысына қаржы беріп, әлеуметтік мәсе­лелерді ғана шешпейді, ол эко­но­миканың құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, солармен шектес өңдеу, көлік, банк секторлары сияқты салаларды ынталандырады. 

Елбасының 2018 жылғы Жол­дауында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін БҰҰ-ның стандарттарының (2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метр) деңгейіне жеткізу мақсаты қойылғанын айтты. Оның айтуы бойынша, соңғы 10 жылда тұрғын үймен қамтамасыз ету 30%-ға өсті, ал келесі 12 жыл ішінде оны 40%-ға артты­ру жоспарланған (шамамен жы­лына 3,3%). Бұл жерде өсіп келе жатқан демографиялық дина­мика есепке алынған: 2007-2017 жылдар аралығында халық саны 1,5% артты. Ал тұр­ғын үй құрылысына бөлінген инвестициялар орта есеппен жы­лына 8,7%-ға ұлғайған, соны­мен бірге құрылысы аяқталған тұр­ғын үйді тапсыру 5,5%-ға өскен.