БЕЙБІТ ЕЛДЕ БЕРЕКЕ БАР
Биылғы жыл біздің еліміз үшін ерекше маңызды және тарихи оқиғаларға толы. Осы оқиғалардың қатарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын үлгі тұтып атап өту біз үшін үлкен мәртебе. Бұл өткен жолымызға зер сала қарайтын, өзімізге де, елдік жетістіктерімізге де есеп беретін межеде тұрмыз.
Бүгінгі жетістіктерімізге қалай қол жеткіздік? Бұл күнге қалай келдік? Мәңгілік ел болу жолындағы келесі қадамымыз қандай болуы керек? Осы және өзге сұрақтарға жауап іздейтін шақта тұрмыз. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың қадірін, тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы орасан міндетті ұғынуымыз қажет.
Өткен кезең ішінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы, экономикадағы және әлеуметтік-мәдени саладағы қол жеткізген табыстары айрықша. Мұны біз ғана емес, бүкіл әлемге танымал ғалымдар, саясаткерлер, жазушылар мен журналистер, сарапшылар да паш етуде.
Ағымдағы жылдың 5 ақпанында мерейтойлық күнді мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бұл жай ғана кезекті күн емес. Біз бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек», – деген болатын. Сонымен қатар, Президент мерейтой кезінде бірінші кезекте өскелең ұрпаққа бағытталған іс-шараларды, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды міндеттерді өткізу міндеттеген еді.
30 жылдықты атап өту биылғы жылғы ең басты оқиға ретінде белгіленіп, басты басымдықтар айтылғанына төрт айдан астам уақыт өтті және мемлекеттік органдар тарапынан осы бағытта ауқымды істер атқарылуда. Алайда, жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқынын күшейту қажет.
Бұл ретте нақ осы идеологиялық жұмысты күшейту маңызды және мұны бізбен кездескен сайлаушылардың және халқымыздың, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін насихаттауға бағытталған пікірлері растайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарын ортаға салған болатын. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен кезде Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы.