БЕРЕКЕСІ МЫЗҒЫМАҒАН МЫҚТЫ ЕЛ

Тәуелсіздік деген тұғырға орныққан алып бәйтерекке ұқсайды еліміз. 30 жылда жел мен бораннан аман болса, ішкі және сыртқы береке-бірліктің мызғымас мықтылығының көрінісі. Осы ретте 26 жыл бойы үлкен идеологиялық жұмыс жүргізіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін де атай кеткен жөн. Қоғамдағы тұрақтылықтың басты шарттарының бірі – әртүрлі этникалық топтардың мүдделерінің сақталуы. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік қоғамда азаматтық бейбітшілікті сақтаудың неғұрлым оңтайлы тәсілі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Біздің елде Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық келісімді сақтау мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың негізі институты, бейбітшілік пен рухани келісім мәдениеті қағидаттарының жолсерігі десек те болғандай. Қазақстан Халқы Ассамблеясының бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін шоғырландырған қызметі аясындағы тәжірибесі көптеген шет елдерді қызықтыратыны анық. «Бақ қайда барасың?» дегенде «Ынтымағы асып, берекесі тасып жатқан елге барамын» деген екен. Қазақстанымыздың ең басты байлығы  ынтымағы. Тек ішкі емес, осыған байланысты халықаралық ынтымақтастықты нығайту және мәдени қатынастарды дамыту мәселесі де бір сәтке назардан тыс қалмайды. Қазақстан халқының мәдени құндылықтары мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған бастамаларды баршамыз бірігіп атқаруымыз қажет. Бірлігіміз мығым, еліміз тыныш, берекелі күндеріміз көп болсын! Мәриям МҰХТАРҚЫЗЫ