БЕС ҚАРУЫ САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН
2010-шы жылдардың алғашқы жартысында біздің Қарулы күштер жыл сайын далалық жағдайда жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден аса іс-шара өткізді.
Барлық қиындықтарға қарамастан, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қорғаныс бюджеті үнемі өсіп отырды: егер 1993 жылы 8 миллиард теңгені құраса, ал 2015 жылы – 390 миллиард теңгеден асты. Жалпы алғанда, 2015–
2017 жылдары әскери шығындарға 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.
2013 жылы 7 мамырда Отан қорғаушылардың күніне орай, Қарулы күштер тарихында бірінші рет «Отар» әскери базасында әскери шеру өтті.
Шеруге жеті мыңнан аса әскери қызметшілер, төрт жүзден аса әскери техника, сексеннен аса ұшақ пен тікұшақ қатысты. Әскери шерудің дәстүрлі шеруден өзгешелігі – әскери дайындықты және қару мен техниканы қалай
пайдалануды көрсету еді.
2014 жылдың шілде айында әскери ғылымды дамыту үшін жағдай туғызуды көздеп және кәсіби кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында Астанада Ұлттық қорғаныс университеті ашылды.
2017 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 25 жыл толды. Осы салтанатты оқиғаға орай, Астанада Тәуелсіздік жылдарындағы ең көлемді әскери шеру өткізілді, оған бес мың әскери қызметшілер, төрт жүз дана әскери техника және жетпіс ұшақтар мен тікұшақтар қатыстырылды. 2016–2017 жылдары әскери арсеналды толықтырған жаңа қару түрлері де көрсетілді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, біздің еліміздің Қарулы күштері жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасындағы үздіктер санатында. Әскери қуаттың жаһандық индексі (GFP) бойынша 2017 жылы Қазақстанның Қарулы
күштері 2016 жылғы 66-позициядан 53-позицияға көтерілді.
Біз тұтастай алғанда армиямызды, өзге де әскери құрамалар мен арнайы бөлімдерді жаңғыру мен дамудың жаңа кезеңіне шығара алдық. Бұл – Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі барлық офицерлер мен
әскери қызметшілердің ерен еңбегі.