BI GROUP ХОЛДИНГІ МЕН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Еліміздегі құрылыс саласының көшбасшысы BI Group холдингі мен Шымкент қаласының Жұмыспен қамту орталығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаева, BI Group жобаларының директоры Арман Қабылқас, сонымен қатар екі тараптың өкілдері қатысты.
Меморандумға сәйкес BI Group құрылыс-инвестициялық холдингі орталық ұйымдастыратын бос орындар жәрмеңкесіне және қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға арналған басқа да шараларға қатысатын болады. Сонымен бірге BI Group компаниясының өтінімі бойынша орталық «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс компаниясына қажетті мамандарды жіберуді жоспарлап отыр.
Холдинг келісім аясында Жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары мен жұмысқа орналасу талаптары туралы ақпарат ұсынбақ, олар «Enbek.kz» электронды порталында жарияланады. Жұмыс беруші үміткерлермен әңгімелесуден кейін нәтижелер туралы орталыққа хабарлайды. Құрылыс холдингі Шымкент қаласының Жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындарын ашады деп жоспарланып отыр.
Орталық басшысы Ақмарал Жулаеваның айтуынша, бүгінде Шымкентте 9 мыңнан аса жұмыссыз тіркелген. Енді осы ынтымақтастық меморандумынан кейін жұмыссыздар саны азаяды болжанып отыр. Алдағы 5 жылда Шымкент қаласына 200 млрд теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлап отырған холдинг негізгі жұмыс күші ретінде Шымкент қаласының тұрғындарына басымдық бермек.
Аталған холдинг пен Жұмыспен қамту орталығы арасындағы ынтымақтастықтың артуына ұйытқы болған қоғам белсендісі Рүстем Әшетаевтың пікірінше, мұндай меморандумның мегаполистің дамуына берері мол.
– Сапалы жұмыстарымен атағы шыққан құрылыс компаниясымен жұмыс істеу, шымкенттік өндірушілерге де үлкен серпіліс береді деп ойлаймын. «Bi Group» жалғыз Шымкентпен шектеліп отырған жоқ, Түркістан, Ташкент қалаларында үлкен көлемде құрылыс нысандарын салып жатыр. Жақын болашақта көрші Тараз, Қызылорда өңірлерінде де қарқынды жұмыс бастаулары мүмкін. Бұл ретте Шымкенттің әлеуетін толық пайдалана алсақ, осындай құрылыс саласына салынып жатқан инвестициялардың тек қалаға қатысты бөлігін ғана емес, толықтай көрші өңірлерді де өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз мол. Бұған біздің толық әлеуетіміз жетеді. Тек, дер кезінде сұранысқа қарай бейімделе алсақ болғаны. Оның арғы жағында салықтан түсетін табыстар мен жұмыссыздық, қосымша біраз әлеуметтік мәселелердің де азаюына оң әсері тұр, — дейді Р. Әшетаев.
Айта кету керек, BI Group компаниясында бүгінгі таңда 5000 қызметкер жұмыс істейді. Аталған компания осы уақытқа дейін еліміздің әр аймағында және Түркістан, Шымкент қалаларында шаһар тұрғындарының көңілінен шыққан кең де зәулім ғимараттарды салып, ел игілігіне беріп келді. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы EXPO-2017, HYLTON қонақүйі, Түркістандағы әкімшілік-іскерлік орталығы, драма театры, Шымкенттегі TAMERLAN RESIDENCE — компанияның алғашқы қарлығашы деуге болады. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен Фосфоршылар сарайын қайта жөндеуге қатысу жоспарда бар көрінеді.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы