БІЛІМДІ ҰЛТТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ БАЯНДЫ

Зияткерлік ұлт – жарқын болашақтың кепілі. Қазақ Елінің азаматтары зияткерлік ұлт болғанда ғана бүгінгі жеткен жетістіктерімізді жалғастырып, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерімізді жақсарта беретін боламыз. Қазіргі кезде зияткерлік ұлт болуымыз үшін алғышарттар толығымен жасалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының өзінде қаншама қиындықтарға қарамастан «Болашақ» бағдарламасы бойынша дарынды жастарымыздың шетелдің іргелі білім ордаларында білім алуына мүмкіндік жасады. Бұл зияткерлік ұлт болу жолындағы алғашқы қадам болды. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 10000-нан аса түлектері Қазақстанның мемлекеттік қызметтерінде де, жекеменшік саласында да жаңашылдықпен жұмыс жасап, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін өз үлестерін қосып жүр.

Еліміздің білім саласы басым бағытта қаржыландырылып, әлемдік білім кеңістігіндегі озат тәжірибені қабылдап, жаңаша дамып келеді. Еліміздің астанасында орналасқан «Назарбаев университеті» мен облыс орталықтарында 20 «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ашылуы еліміздің білім саласында ерекше маңызды болды. Бұл зияткерлік ұлт болу жолындағы екінші қадам еді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымының алға қойған міндеті – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тұңғыш зерттеу университеті болу. Себебі оның қызметі елдің негізгі басымдықтарының іске асырылуына, оның ішінде зерттеу әлеуетінің жедел қарқынмен өсуіне, елдің ықпалдастырылған экономика талаптарына сай келетін білім беруге көшуін қамтамасыз етуге байланысты. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген, білім мен ғылым негіздерін толық игерген, ел тарихы мен мәдениетін терең білетін, өзі қалаған жақсы мамандықтың иесі, отансүйгіш, елжанды Қазақстан жастары зияткер ұлт болып, Қазақ Елін Мәңгілік Елге айналдырады деп сенеміз. Зияткерлік ұлт – бәсекеге қабілетті елдің ең басты қазынасы. Тұңғыш Президентіміз ұсынған жасампаз идеялардан туындап, ешқашан өзгермейтін осы қағиданы есте сақтап, әрдайым басшылыққа алуға тиіспіз.

Елбасымыздың сөздерін біз жастарға білдірген сенімі мен тапсырмасы және бағыт-бағдары деп түсінеміз. Н.Ә.Назарбаевтың үлкен кемеңгерлікпен жүргізген дана саясатының нәтижесінде Қазақстан бәсекеге қабілетті елге, әрбір азамат үшін үлкен мүмкіндіктер мекеніне айналды. Асқақтаған астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы қарыштаған Қазақстанның бейнесіндей жыл сайын жайнап, күн сайын көркейіп келеді.

ЖАЗИРА ТАСТАНБЕКОВА,

«БЕСКЕПЕ» НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, САЙРАМ АУДАНЫ.