БІЛІМНІҢ ДАМУЫ — ЕЛДІҢ ДАМУЫ
Қазақстандық білім беру жүйесі үшін – 2010-шы жылдардың орта тұсы жаңғыртудың жаңа кезеңіне айналды. 2015 жылы қараша айында «Білім беру туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Олар – мектепте білім берудің
жаңартылған түріне көшуді, дуальды оқытуды, алғашқы жұмысшы мамандығына тегін қол жеткізу құқығын, колледждер мен жоғары оқу орындарының тәуелсіз аккредитацияларын қамтамасыз етті.
Келесі жылдың наурыз айында әлемдік трендтерді ескере отырып жасалған Қазақстан Республикасының 2016–2019 жылдарға арналған Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Отандық білім беру – ең үздік халықаралық үлгілерге, соның ішінде ақпараттық технологиялар мен электронды оқытуды дамытуға бағытталған. Бейімдік мектептер құрылысы жалғасуда. Жоғары оқу орындарына шетелдік ғалымдар тартылып, магистратура мен докторантураға мемлекеттік тапсырыс мөлшері ұлғаюда.
Мемлекеттік-әлеуметтік саясаттағы басымдық – адам капиталының дамуы екенінің дәлелі ретіндегі, ерекше форматтағы оқу орындары – Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды, сөйтіп мектепте білім беру ісі тез арада
әлемдік стандарттар деңгейіне дереу көтерілді. 2014 жылға қарай зияткерлік мектептер Астана, Көкшетау, Семей, Талдықорған, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Тараз, Павлодар, Қызылорда, Атырау қалаларында
ашылды. Бұл – мектептегі білім беру ісіне салмақты серпін берді.
Білім беру мекемелерінің материалдық базасын нығайтуда айтарлықтай қадамдар жасалды. 2015 жылдың өзінде-ақ 100-ден астам мектеп ашылды. 2018 жылға қарай апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептер түгел жоғалады. Тұтастай алғанда, Тәуелсіздік жылдарында 1,4 мың мектеп салынды.
2010 жылы Болон декларациясына қосылу құрылымы ЮНЕСКО-ның халықаралық жіктелуіне сәйкестендірілген жоғары білім және жоғары білімнен кейінгі білім сапасын көтеру сферасында халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. 2010-шы жылдардың бас кезінде-ақ республикаға үш мыңнан астам шетелдік жетекші ғалымдар шақырылды, олар дәріс оқып, ғылыми кеңес берумен шұғылданды. Шет жерде, әлемнің қырық еліндегі жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың саны екі есе өсті.
2014 жылы желтоқсан айында ҚазҰТУ-дің және қайта құрылған ғылыми-технологиялық «Парасат» холдингінің базасында алғаш рет Ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университеті құрылды.
«Болашақ» стипендиялы бағдарламасы одан әрі жалғасып, 9,5 мыңнан астам мамандар даярланды. 2010-шы жылдардың ортасына қарай бұл бағдарлама менің талап етуіммен, нақтылы экономика мен әлеуметтік сфераның мұқтаждықтарына бағытталды.