БІР ЖЕРДЕН 2-3 ӨНІМ АЛУ БОЙЫНША 80 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН

Отырар ауданы негізінен мал және егін шаруашылығына бейімделген аймақ. Ауданда ауыл шаруашылығы саласын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру бағытында нақты шаралар атқарылуда. Мәселен, 2020 жылы Отырар ауданы бойынша жалпы ауыл шаруашылық өнім көлемінің жоспары 24,6 млрд теңгеге болып белгіленсе, ағымдағы жылдың 10 айдағы өнім көлемі 19,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артқан.
Сонымен қатар, ауданда бір жерден 2-3 өнім алу жобасы аясында биыл 80 жоба іске асырылған. Нәтижесінде жалпы көлемі 240,9 гектар жерге осы тәсіл бойынша егіс егіліп, өнім жиналды. Ал үй іргелік жерлерді игеру бойынша Отырар ауданында «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант» аясында 15 жеке тұлға қайтарымсыз 555 600 теңгеден грантын иеленіп, осы бағыт бойынша жұмыс істеп келеді.
Айта кетерлігі, жалпы аудан көлемінде биыл егістік көлемі 33 605 гектарға жеткен. Бүгінде жалпы егістің 31824,1 гектары, яғни 94,7 пайызы жиналып отыр. 2020 жылға көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жеңілдетілген жанармаймен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамтамасыз ету мақсатында «К.А.Ф. Мұнай Отырар» ЖШС-і оператор болып бекітілген. Көктемгі дала жұмыстарына 1365 тонна жанармай бөлініп, жоспар толық орындалған.
Ал мал шаруашылығы бойынша аналық ірі қара малды тұқымдық түрлендіруде қазіргі таңда 6 651 бас тұқымдық түрлендіруге қатысып, жылдық жоспар 43,8 пайызға орындалды. Несиелендіру жолымен импорттан ірі қара мал сатып алу бүгіңгі таңға дейін 3 360 бас алынып, меже 2 есеге артығымен орындалған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі